Қазақстанда полицейлерді оқыту форматы өзгерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Полицейлерді дайындау жүйесіндегі өзгерістерді халық білуі тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомствоға қарасты жоғары оқу орындарының басшылармен өткен жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, Елбасының тапсырмасы бойынша осы жылдың басынан ішкі істер органдарында кең көлемді реформа басталды. Бұл реформаның маңызды тұстарының бірі - ведомстволық білім беру саласын жаңғырту. Аталған салада қазірдің өзінде нақты істер атқарылып жатыр. Білім беру жүйесі оңтайландырылып, 6 оқу орталығы қысқартылды. Қазіргі уақытта полицейлерді дайындау Алматы, Қарағанды және Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты мен Шымкент оқу орталығында жүргізіледі. Сонымен қатар ІІМ бакалавриат бағдарламасы бойынша кадр дайындаудан бас тартты. Қарағанды академиясында ғана бұл бағдарлама сақталып қалды.

«Елімізде заңгерлік білім беретін жоғары оқу орындары жеткілікті. Біз жастарды осы оқу орындарынан алып, ары қарай мамандандырылған курстарда дайындаймыз", - деді министр.
null

Е.Тұрғымбаевтың сөзіне қарағанда, оқу процесінде практикалық сабақтарға басымдық беріледі. Кримниналистер, тергеушілер және жедел қызметкерлер үшін 6 айлық, қалғандары үшін 3 айлық оқу курстары қарастырылған. Бұрындары офицерлік құрам үшін 3 айлық, сержанттық құрам үшін 2 айлық оқыту жүйесі қолданылған болатын.

«20 мамырдан оқу жаңа форматта жүргізіле бастады. Заманауи интерактивтік әдістер мен оқыту нысандары кеңінен пайдаланылатын болады. Бұл тыңдаушыларға қысқа мерзім ішінде көлемді ақпаратты игеруіне мүмкіндік береді», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Кездесу қорытындысында министр білім беру реформасының барлық процестері жария түрде өтетінін айтты. Осыған байланысты оқу орындарының басшыларына жұртшылықты және БАҚ өкілдерін шақыра отырып, «Ашық есік күндерін» немесе «дөңгелек үстелдер» өткізуді және іс-шаралар барысында ведомстволық білім беруді жаңғырту мәселелерінің мән-мағынасын толық түсіндіруді тапсырды.
null

"Халық кадр даярлау жүйесінде қандай өзгерістер болды және ол полиция жұмысының сапасына қалай әсер ететінін білуі керек. Біз азаматтық жоғары оқу орындарынан кадрларды іріктеп алу арқылы ведомстволық оқу орындарының әлеуеті мен болашақ полицейлерді дайындау сапасын көтеруді мақсат етіп отырмыз", - деді Ішкі істер министрі.

Соңғы жаңалықтар