Қазақстанда полицейді шақырмастан Еурохаттама толтыру мүмкіндігі болады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2024 жылдан бастап Қазақстанда ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде Еурохаттама толтыру мүмкіндігі болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дания Еспаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы мақұлданды. Осы құжатта Еурохаттама қағидатын іске қосу нормасы қарастырылған.

«Заң жобасында автокөлігі барлар үшін тиісті қадамдар қарастырылған. Ұсақ жол көлік оқиғалары кезінде және жарақат алмағандар болса, мобильді қосымшаны пайдаланып, сақтандыру төлемін алуға болады. Бұл ретте көлік иелері келтірілген шығынмен өзара келісуі керек. Осы орайда жол-көлік оқиғасы орнында көліктер мобильді қосымша арқылы суретке түсіріліп, бірыңғай дерекқор базасына жіберіледі. Осының негізінде сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді», - деді Д. Еспаева тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, көп жағдайда ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде жүргізушілер өз қалтасынан өтемақы беріп, тарқасып жатады.

«Енді жаңа тәртіп бойынша полицейлерді шақырмастан және сотқа жүгінбестен сақтандыру төлемін алу мүмкіндігі болады. Бұл Еурохаттама рәсімі Еуропаның көптеген елдерінде және Ресей, Беларусь, Өзбекстан сияқты бірқатар мемлекетте қолданылып келеді», - деді депутат.

Сақтандыру төлемі бір сақтандыру жағдайы бойынша 100 АЕК шегінде жүзеге асырылған жағдайда Еурохаттаманы қолдану ескерілген.

«Төлемдерді алуды жеңілдететін Еурохаттама талаптары 2024 жылдан бастап күшіне енеді. Себебі, алдымен мобильді қосымшаны құрып, бірыңғай мәліметтер базаларын біріктіру керек. Сондықтан 2024 жылдан Еурохаттама қағидаты бойынша жұмыс істейді», - деп нақтылады Дания Еспаева.


Соңғы жаңалықтар