АСТАНА. ҚазАқпарат –Қазақстанда АҚШ Пенсильвания мемлекеттік университетінің филиалы ашылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
АҚШ-қа жұмыс сапары барысында министр бірқатар кездесу өткізген.
С.Нұрбектің сөзінше, Америка университеттері барлық әлемдік рейтингілерде лайықты көш бастап келеді. Мысалы, бір ғана Times Higher Education рейтингінде ТОП-10 жоғары оқу орнының жетеуі — бұл АҚШ университеттері.
Екіжақты келісімдер аясында С.Нұрбек бүгін Пенсильвания мемлекеттік университетінің топ-менеджментімен, атап айтқанда, PennState вице-президенті (Провост) Justin Schwartz-пен, вице-провост Roger Brindley-мен, Пенсильвания мемлекеттік университетінің IT, заң мектебінің декандарымен жүздескен.
Мәлім етілгендей, Саясат Нұрбек Пенсильвания мемлекеттік университетінің өкілдерімен бұған дейін де кездескен. Оның нәтижесінде аталған оқу орны қазақстандық студенттер мен еліміздің ғалымдары үшін гранттар түрінде 1 млрд теңге немесе 2 млн доллар көлеміндегі тікелей инвестиция бөлген. Бұл жоба қазір іске асырылуда.
Пенсильвания мемлекеттік университеті ұзақ жылдардан бері Қазақстанның серіктесі болып келеді. «Болашақ» бағдарламасы басталған сәттен барлық Америка ЖОО-лары арасында осы университет Қазақстаннан барынша көп студент қабылдаған. Осы уақытқа дейін 162 қазақстандық аталмыш оқу орнын аяқтаған.
Фото: t.me/SayasatNurbek