Қазақстанда пәтер тонаумен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері ел аумағында екі мыңнан астам пәтер ұрысы ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті үшінші басқармасының аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері ел аумағында екі мыңнан астам пәтер ұрысы ұсталды. Оның ішінде әр қалаға барып пәтер тонайтын 95 ұры бар. 194 қылмыстық топ пен 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді», - деді С. Жантеміров онлайн брифингіде.

Оның айтуынша, биыл мамыр айында Шымкент қаласында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Олар 2021 жылдан бастап Түркістан облысының бірнеше ауданында пәтер тонауға қатысты 70 қылмыс жасаған. Соның ішінде 35 қылмыс биыл тіркелді. Ұрланған заттарды олар Шымкенттегі ломбардтарға өткізіп отырған. Келтірілген шығын сомасы 100 млн теңгеден асты. Іздестіру іс-шаралары кезінде үйді бұзып кіруге арналған 32 құрал, 52 зергерлік бұйым тәркіленді.

Бұдан бөлек, 2022 жылдың маусым айында Орал қаласында қылмыс жасап жатқан жерінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Олар 2021 жылдан бері облыс аумағында пәтер тонауды кәсіпке айналдырған. Күдіктілердің 6 қылмысқа қатысы дәлелденген.


Соңғы жаңалықтар