Қазақстанда парламенттік тексеру институтын енгізу керек - Әлихан Бәйменов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізге парламеттік тексеру институтын енгізу керек. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасындағы JJ Talk бағдарламасына қатысқан Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық тәжірибеде алуан түрлі үлгілер бар. Бірақ солардың барлығына ортақ әмбебап қағидалар бар. Сол қағидалар жүйелердің ырғақтығын қамтамасыз етеді. Ол қандай қағидалар? Ол - билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік, олардың бір-біріне тәуелсіздігі, бір-бірін қадағалау мүмкіндігі. Қарапайым тілмен айтқанда, жеңген партия немесе президент үкіметті жасақтайды. Сонымен қатар, халықтың өкілідіктері ретінде сайланған депутаттар бар. Әлемде дұрыс жұмыс жасайтын мемлекет басқаруда осы депутаттар Үкіметті толық тексеруге құқылы. Бұл тұрғыда біздің Конституцияға парламенттік тексеріс немесе парламенттік тергеу деген институт енуі керек», - деп ұсыныс білдірді Әлихан Бәйменов JJ Talk бағдарламасында сұхбат бере отырып.

Сонымен қатар, ол алдағы уақытта маслихат депутаттары тарапынан мемлекеттік органдарға жасалатын тексеріс жұмыстарын күшейту керектігін атап өтті.

«Алдағы уақытта жергілікті деңгейдегі бюджеттерден айлық алатын адамдарға мәслихат депутаты болуға құқық берілмеуі керек. Егер депутат сол өңірдің бюджетінен жалақы алып отырған адам болса, әкімді қалай тексереді? Мұндай болмауы тиіс», - деді Әлихан Бәйменов.

Айта кетейік, Jibek Joly телеарнасындағы JJ Talk бағдарламасының бүгінгі шығарылымы ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау тақырыбына арналды.

Оған қатысқан елімізге білгілі заңгер, сарапшы және саясаткерлер Парламентті жетілдіру модельдері туралы пікір білдіріп, ойын ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар