Қазақстанда парламенттік оппозицияға бірқатар құзірет беретін заң жобасы талқылануда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда парламенттік оппозицияға бірқатар құзірет беретін заң жобасы талқылануда. Аталған заң жобасын бүгін Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақ жол» партиясы Парламентке келіп, алғаш рет өзінің фракциясын құрғаннан кейін бірнеше рет түрлі кедергіге тап болды. Бір партиялық Парламенттен көппартиялыға көшкенде кейбір процедураларға, заңнамаларға өзгерту енгізу қажеттігіне көзіміз жетті. Сондықтан біз парламенттік оппозиция туралы заң жобасын дайындадық«, - деді «Парламенттік оппозиция мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы« заң жобасын таныстырған Азат Перуашев.

Оның ойынша, парламенттік азшылықта, парламенттік оппозицияда жұмыс істейтін партияларға ерекше құзірет беру қажет.

»Айталық, парламенттік оппозиция өкілі, әсіресе, фракция жетекшісі сөз алған кезде оған міндетті түрде соңына дейін сөз сөйлеуіне кепілдікті заң талабына енгізу қажет деп шештік. Бұл халықаралық тәжірибеде бар. Мәселен, Канада, Ұлыбритания Парламентінде оппозиция өкілі, фракция жетекшісі сөз сөйлеген кезде оған сөзін аяқтауына қосымша уақыт беріледі. Бізге де осындай талап қажет деп шештік«, - деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар ол ҚР Парламенті Мәжілісі комитеттерінің бірінің төрағасы лауазымына парламенттік оппозиция өкілінің сайлануын заңмен бекітуді ұсынды.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы заңгерлердің, саясаттанушылардың қатысуымен жан-жақты талқыға түскен.


Соңғы жаңалықтар