Қазақстанда пантомима жанрын дамытқан актер Меңтай Өтепбергенов еді - Н. Есімғалиев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда пантомима жанрын дамытып, кемеліне келтірген актер Меңтай Өтепбергенов болатын. Мұны екінің бірі біле бермейді.

Бұл туралы бүгін Алматыда танымал киноактер Меңтай Өтепбергеновті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі барысында «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Кинофильмдерi мемлекеттiк қорының директоры, киноактер Нұрлыбай Есімғалиев мәлім етті.

«Мынау мим, яғни пантомима деген жанр бар. Соны Қазақстанда дамытып, кемеліне келтірген менің досым Меңтай болатын. Ол кезінде Мәскеу цирк учищесінің Алматыдағы филиалының клоунада және пантомима бөлімінде Қазақ КСР-інің халық әртісі Гүлжихан Ғалиевадан дәріс алған. Кейін, 1969 жылы Гүлжихан Ғалиеваның ұйымдастыруымен құрылған «Гүлдер» ансамблінде «мим» әртісі болып еңбек етті. Гастрольдерге шығып, әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетті. 1974 жылы екеуміз Бүкілодақтық кинематография институтын бітіріп келген соң, ол талай жыл қазақ киносын дамыту жолында аянбай еңбек етті», - деді Н. Есімғалиев.

Сонымен қатар, ол Меңтай Өтепбергеновтің әлі де қазақ киносына берері мол болғандығын, құдіретті дарыны толық ашылмай кеткендігін айтып, өкініш білдірді.

«Мәкеңе жақсы рөлдер бұйырмай кетті. Жалпы, актерлер қолында билігі жоқ сыпайы халық қой. Олардың тағдырын көп жағдайда режиссерлер шешеді. Оның үстіне, нағыз кәсіпқой актерлер: «Мен мына рөлді ойнайыншы», - деп ешқашанда режиссердің алдына бармайды. Мұны ұят санайды. Сондықтан, Меңтай көп жағдайда жағымсыз рөлдерді сомдап жүрді. Бұл о баста қалыптасқан «штамп» болған соң, ешбір режиссер осы бір таптаурын болып кеткен үрдісті бұзып, оған терең психологиялық, драмалық рөлдерді ұсынған жоқ. Ал Меңтайдың жаңа рөлдерді сомдау жөнінен арманы көп еді», - деді Н. Есімғалиев.

Бұдан басқа, ол Меңтай ағаның филателист ретінде де қазақ киносының тарихына қатысты үлкен еңбек сіңіріп кеткендігін ауызға алды.

«Меңтай мынау өте сирек кездесетін заттар - кітап, қолөнер бұйымдары, көне қару-жарақтар және киноплакат жинаумен айналысатын, бұрынғы Кеңес одағына танымал коллекционер болатын. Оның қолында сонау «Амангелді» фильмінен бастап, күні бүгінге дейін шығарылған барлық кинофильмдеріміздің киноплакаттары толығымен сақталған. Бұл қазақ киносы үшін аса құнды дүниелер. Сондай-ақ, 1999 жылы «Маркалардағы әлем киносының тарихы» атты кітап шығарып, Меңтай Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Өйткені, әлемде мұндай кітаптың баламасы жоқ болатын. Сондықтан, Меңтайдың жинап кеткен дүниелері - қазақтың кино өнері, мәдениеті үшін баға жетпес құнды мұра», - деді Н. Есімғалиев.

Естеріңізге сала кетелік, Меңтай Смағұлұлы Өтепбергенов 1946 жылы 7 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданының Беген ауылында туған.

Мәскеу цирк училищесінің Алматыдағы филиалының Клоунада және пантомима бөлімін (1968 ж.) және Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген (1974 ж.). 1969 -1970 жылдары «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсетті. 1974 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актері болып еңбек етті.

КСРО-ның 13 киностудиясында барлығы 47 фильмге түскен.

Олардың ішінде «Біз - ересектер» (1980 ж.), «Жаушы» (1980 ж.), «Ақ шаман» (1983 ж.), «Жеңімпаз» (1984 ж.), «Интердевочка» (1991 ж.), «Шанхай» (1996 ж.) секілді фильмдер бар.

Сондай-ақ, ол «Маркалардағы әлем киносының тарихы» атты бірегей кітаптың авторы.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі Канн қаласындағы 51-ші Халықаралық кинофестивалінде өткен.
ҚР Кинематографистері одағының хатшысы (1999-2001 жж.).
«Құрмет» орденімен, «Қажырлы еңбегі үшін. В.И. Лениннің туғанына 100 жыл мерейтойы құрметіне» (1970 ж.) медалімен марапатталған.

1996 жылы ҚР Еңбек сіңірген әртісі атағын алды.

Соңғы жаңалықтар