Қазақстанда өзге тілдерге қатысты үрей бар деген сөзге наразымын – Максим Рожин

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Мен шетелдік саясаткерлердің Қазақстанда орыс тіліне және өзге де тілдерге қатысты үрей бар деген уәждерін наразылықпен қабылдаймын». Қазақстан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Максим Рожин осындай пайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елімізде мемлекет тарапынан кез келген этносқа өзінің тілін, өзінің мәдениетін білуге барлық жағдайлар жасалған. Оның бір дәлелі, елімізде орыс, өзбек, ағылшын, неміс тілінде жұмыс істейтін орта мектептер бар. Әлемде мемлекеттік бюджет қаржысынан балаларды туған тілінде оқытуға ақша бөлетін елдер саусақпен санарлық шығар. Менің ойымша, Қазақстан – сондай мемлекеттердің бірі. Оған біздегі орыс тілінде, ағылшын тілінде, неміс, өзбек тілдерінде білім беретін мектептер мысал бола алады.

Сондықтан мен шетелдік саясаткерлердің Қазақстанда орыс тіліне және өзге де тілдерге қатысты үрей бар деген уәждерін наразылықпен қабылдаймын. Мен тегі орыс қазақстандық ретінде ондай репликаларға жол жоқ деп есептеймін. Бұл еліміздегі шынайы көріністі бұрмалап көрсету екеніне сенімдімін», - деді ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында.

Сондай-ақ, ол халықтың мемлекеттік тілге бет бұрғанын, осы тенденциядан мемлекеттік қызметшілер де қалыспауы керектігін атап өтті.

«Біз қазір Халықаралық қазақ тілі қоғамы арқылы тілге арналған Көрнекі жобаны бастап жатырмыз. Бұл жоба көрнекі ақпарат туралы заңының талаптарын шағын және орта бизнеске түсіндіріп, орындауға ерікті түрде көмектеседі. Қоғам қазақ тіліне көшіп жатқанда бұл талап мемлекеттік қызметкерлер үшін де күшеюі керек деп санаймын. Себебі қазақ тілі қазір қоғамның негізгі тіліне айналып келеді. Бұл – халықтың талабы. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінен тапсыратын емтихан нәтижесі есептелуі керек деп есептеймін», - деді Максим Рожин.

Айта кетейік, Ассамблеяның бұл жолғы жиыны «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» күн тәртібімен өтеді .


Соңғы жаңалықтар