Қазақстанда өткен аптада болған кадрлық тағайындаулар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптада ғылым саласында, жергілікті атқару органдары мен министрліктерде, қаржы секторында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат агенттігі 22 мамырдан бері болған тағайындауларға шолу ұсынады.

Апта басында Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенттері тағайындалды.

Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев академияның «Жер, Ғарыш және коммуникациялар туралы ғылым» бөлімшесінің төрағасы ретінде жұмыс тобымен бірлесіп отандық ғылымды ілгерілетуге атсалысады.

Асқар Жұмаділдаев – белгілі қазақстандық математик-ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі.

Бұған дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-шақырылымының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 13-шақырылымының депутаты қызметін атқарған.

Асқар Серқұлұлы математика және ғылым саласындағы жетістіктері үшін көптеген марапат пен грант алған. 1983 жылы ғылым және технологиялар жөніндегі республикалық кеңесші сыйлығына ие болды. 1993-1995 жылдар аралығында америкалық математикалық қоғамның, Халықаралық ғылыми қорының (Сорос қоры) және ИНТАС-тың (бұрынғы КСРО ғалымдарымен ынтымақтастықты дамытудың халықаралық қауымдастығы) гранттарын иеленген. 1995-1996 жылдары оған Александр фон Гумбольдт стипендиясы тағайындалды. 1999 жылдан 2004 жылға дейін ол Швеция корольдік Ғылым Академиясының және JSPS (Жапонияның ғылымды дамыту қоғамы) гранттарын жеңіп алды. Сондай-ақ 2000-2003 жылдар аралығында ИНТАС грантының және 2000-2004 жылдар аралығында көрнекті ғалымдарға арналған Қазақ мемлекеттік стипендиясының иегері болды. 2007 және 2016 жылдары оған ҚР Білім Министрлігінің «Жоғары мектептің үздік профессоры» гранты берілді. 2011-2012 жылдары көрнекті ғалымдарға арналған Қазақ мемлекеттік стипендиясын алды. 2011 жылы оған ғылым және технологиялар саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. 2012 жылы Иран Ислам Республикасында Халықаралық Хорезми сыйлығын алды.

2016 жылы Асқар Серқұлұлы «Ел түлғасы» ұлттық жобасының «Ғылым» номинациясының номинанттарының бірі ретінде таңдалды. Бұл жоба есімі елдің жетістіктерімен байланысты Қазақстанның аса маңызды азаматтарын іріктеуге бағытталған. Асқар Серқұлұлы 350 000-нан астам дауыспен қолдау алып, өз санатында 2-ші орынға ие болды.

Асқар Жұмаділдаев отандық ғылымды дамытуда белсенді. Оның физика-математика ғылымдары саласындағы мол тәжірибесі мен білімі Қазақстанда ғылыми зерттеулерді ілгерілетуде маңызды рөл атқарады.

Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев ҚР ҰҒА «Агробиоресурстар және экология» бөлімшесінің жұмыс тобының төрағасы болып сайланды.

Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. 2001 жылы А.И. Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, 2006 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2008 жылы елорданың қалыптасу кезеңіндегі белсенді қызметі үшін «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалін, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалін иеленді. 2012 жылы Ақылбек Қажығұлұлы айрықша еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бұл тағайындау оның ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесін және Қазақстанның орнықты дамуы мен экологиялық тұрақтылығына ықпал етудегі маңызды рөлін анықтайды.

Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Ләззат Тасболатқызы Ералиева «Өмір және денсаулық туралы» ғылымдар бөлімшесінің жұмыс тобының төрайымы ретінде отандық ғылымның дамуына үлес қосады.

Профессор, медицина ғылымдарының докторы Ләззат Тасболатқызы 2013 жылдан бастап «Медицина ғылымдары» секциясы бойынша Ресей жаратылыстану академиясының (РЖА) корреспондент-мүшесі. «Еуразиялық жұқпалы аурулар қоғамы» халықаралық қоғамдық ұйымының, «Еуропалық микробиология және жұқпалы аурулар қоғамының» және Қазақстанның педиатрия және вакцинология бойынша қоғамдық қорларының мүшесі, иммунизация бойынша Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары.

Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері үшін Ләззат Тасболатқызы 2015 жылы «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау үздігі», 2021 жылы «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен және 2022 жылы «Халық алғысы» мемлекеттік медалімен, сондай-ақ 2017 жылы ҚР БЖҒМ Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ол 150-ден астам мақаланың, 2 ұлттық нұсқаулықтың, монографиялар мен әдістемелік нұсқаулықтардың, сонымен қатар 4 өнертабыс патентінің авторы.

Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Такир Оспанұлы Балықбаев академияның «Білім және азаматтық қоғам туралы ғылым» бөлімшесінің жұмыс тобымен бірлесіп отандық ғылымның дамуына атсалысады.

Такир Оспанұлы – физика-математика ғылымдарының кандидаты және педагогика ғылымдарының докторы, сондай-ақ, өз саласында айтарлықтай тәжірибесі бар профессор. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ ҚР мерейтойлық медальдарын иеленді. Ол Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің құрмет грамотасымен, ҚР БҒМ «Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі үшін» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды. Ресейдегі кәсіптік білім беруді қолдау қорының А.Г.Небольсин атындағы сыйлығының лауреаты. 2018 жылы оған «Парасат» ордені берілді.

Ол Қазақстандағы білім және ғылым саласына елеулі үлес қосқан құрметті және танымал ғалым. Әдістемелік және оқу құралдарының, сондай-ақ, «Студенттер контингентін қалыптастырудың педагогикалық және технологиялық негіздері», «Ұлттық бірыңғай тестілеу: алғашқы нәтиже» («Қазақстан Республикасының білім сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесі: даму принциптері мен перспективалары»), «Оқыту нәтижелерін өлшеудің әдістемелік негіздері» сияқты монографиялардың авторы.

ҚР Президенті Әкімшілігінің және Мұғалжар аудандық мәслихатының келісімімен Дархан Ермағанбетов Мұғалжар ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.

Дархан Жанысханұлы 1986 жылы Хромтау ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары: 2008 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 2012 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін, 2017 жылы Нархоз университетін бітірген.

2008 – 2014 жылдары Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан бастап, түрлі облыстық басқармаларда қызмет атқарған.

2014 – 2020 жылдары аралығында Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары және басшысы лауазымдарында еңбек етті.

2020 жылдың наурыз айынан Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Белгілі журналист Жарқын Түсіпбекұлы Жұмаділов Абай облысы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Жарқын Түсіпбекұлы 1985 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін саясаттану мамандығы бойынша бітірген.

2008-2013 жылдары «Қазақ радиосы» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының редактор-жүргізушісі, «Алаш айнасы» газетінің саяси шолушысы, 2014-2015 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ стратегиялық маркетинг департаментінің шеф редакторы, 2015-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы болды. 2016-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2019-2020 жылдары «Elorda Aqparat» ЖШС директоры болып еңбек етті.

2021 жылдан осы тағайындауға дейін ҚР Президентінің Әкімшілігінде инспектор қызметін атқарып келді.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне Әділет Мұстафинов бастық болып тағайындалды, https://kaz.inform.kz/news/adilet-mustafinov-kylmystyk-atkaru-zhuyesi-departamentine-bastyk-boldy-sko_a4070415

Әділет Мұстафинов 52 жаста, Семей қаласында дүниеге келген.

1994 жылы Омбы аграрлық университетін «зоотехник» мамандығы бойынша, 2007 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары Павлодар облысы бойынша Салық полициясы комитеті басқармасының Павлодар өңірі бойынша ауданаралық бөлімінің инспекторы, Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің өзіндік қауіпсіздік тобының ішкі істер бөлімінің аға жедел уәкілі, ҚР ІІМ ҚАЖК құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жедел басқару бастығының орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.

Осы тағайындауға дейін Павлодар облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментін басқарды.

Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі болып Досбол Құлекеев тағайындалды. Бұған дейін осы лауазымды атқарған Саят Шаймин өз еркімен қызметінен босатылды.

Досбол Батырбекұлы Құлекеев 1981 жылы туған, жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 2002 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ инвестициялық жобаларды кредиттеу басқармасының менеджері болып бастаған.

2007-2015 жылдары «Интергаз Орталық Азия» АҚ-да, Астана қаласында түрлі лауазымдарда болды.

2015-2022 жылдары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары бойынша, сондай-ақ «Petro Retail» ЖШС Астана қаласы және Павлодар облысы бойынша орталық филиалында басшылық қызметтерде жұмыс істеді.

2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Астана қаласында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары болды.

Жамбыл облысының Табиғи ресурстар басқармасына Олжас Баққараев басшылық ететні болды.

Олжас Елебекұлы 1985 жылы Тараз қаласында туған. Санкт-Петербург мемлекеттік электротехникалық университетін «электроника және микроэлектроника», Санкт-Петербург мемлекеттік политехникалық университетін «экономика» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2009 жылы «ARMTEL» ЖШС-нің атқарушы директоры болып бастаған.

Әр жылдары «NULITS» (Nazarbayev University library and IT services) жеке мекемесінің даму қызметінің басшысы, «Тараз Инвест Консалт» ЖШС-нің сарапшысы, Жамбыл облысы әкімдігі Қаржы басқармасының бас маманы, облыс әкімі аппаратының әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің басшысы, облыс әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

2020 жылдан осы тағайындауға дейін Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары лауазымында еңбек етіп келді.

Салтанат Тұрсынбекова Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа басшы болды.

Салтанат Тұрсынбекова «тарихшы-қоғамтану» мамандығымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және «құқықтану» мамандығымен Мәскеу мемлекеттік заң академиясын бітірген. 20 жылдан астам мемлекеттік қызметте, оның ішінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Жоғарғы сотта және ҚР Бас прокуратурасында еңбек етті.

Ерғали Мерзадинов Қаржылық мониторинг агенттігі академиясының ректоры болды.

Ерғали Серікбайұлы 1958 жылы Шымкент облысында туған. Заң ғылымдарының кандидаты.

40 жыл бойы құқық қорғау органдарында қызмет етті –Алматы, Астана қалаларының, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының прокуратураларын басқарды.

ҚР Ішкі істер вице-министрі, Бас прокурор орынбасары, Бас әскери прокурор қызметтерін атқарды.

2018-2022 жылдары – Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры.

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің басшысы Мұрат Теміржанов БҰҰ ФАО субөңірлік Еуразиялық топырақ серіктестігінің (EASP) төрағасы болып сайланды.

Ташкентте өтіп жатқан ұйымның 6-шы пленарлық отырысына қатысушылар оның кандидатурасын қолдап, бірауыздан дауыс берді.

Айта кетейік, EАSP Еуразиялық кеңістіктің 12 елінің өкілдерін біріктіреді, олар Қазақстан, Түркия, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Молдова, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстан.

Арман Жүдебаев Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Арман Жүдебаев 1986 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің артисі болып бастаған.

2009-2013 жылдары - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, аға оқытушысы.

2013-2018 жылдары - Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері.

2017-2018 жылдары - Дина Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық қазақ халық аспаптар академиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері.

2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры қызметін атқарды.

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Ал Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Бейбіт Шаханов тағайындалды.

Бейбіт Шаханов 1979 жылы туған. Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, Қазақ мемлекеттік заң университетін, Қазақ коммерциялық-қаржы академиясын және Ланкастер университетін (Ұлыбритания) бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің монополияға қарсы заңнаманың сақталуын бақылау департаментінің жетекші маманы қызметінен бастаған.

Әр жылдары Қаржы, Білім және ғылым, Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің құрылымдық бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарған.

2015-2022 жылдары ҚР Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару істері комитетінде жұмыс істеген.

2022 жылғы маусымнан бастап қазіргі тағайындауға дейін Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы болды.

Сондай-ақ, осы аптада Жетісу облысының Энергетика басқармасына жаңа басшы келді.

Яғни, Әсет Қанағатов Жетісу облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Ол еңбек жолын Алматы облысында «Автотех қызмет көрсету» ЖШС-да экономист-бухгалтер болып бастаған.

Әр жылдары «Талдықорған электржелілік тарату компаниясы» ААҚ экономист-бухгалтері, Алматы облысы Қаржы басқармасының жетекші маманы, Көксу ауданы қаржы бөлімі басшысының орынбасары, осы бөлімнің басшысы, Текелі қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы, Текелі қаласының қаржы бөлімінің басшысы, Текелі қаласы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, осы басқарманың басшысы қызметтерін атқарған.

Тағайындауға дейін шағын және орта бизнес саласында жұмыс істеді.

Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің басқарушы кеңесіндегі Қазақстан өкілдері тағайындалды.

«Басқарушылар кеңестерiндегі ҚР өкiлдерiн тағайындау және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен байланыс арнасын айқындау туралы» өзгертілген Үкімет қаулысында аталмыш қаржы институтындағы Қазақстанның өкілдері болып Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова тағайындалды.

Айта кету керек, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) 2014 жылы 24 қазанда кұрылған. Оған 105 мемлекет мүше. Ресей, Қытай және Үндістан АИИБ-та басым дауысқа ие. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің негізгі мақсаты – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қаржылық ынтымақтастықты ынталандыру, Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру.

Қазақстан 2015 жылы 24 маусымда АИИБ келісімінің баптарын ратификациялады.


Соңғы жаңалықтар