Қазақстанда өтетін футзалдан әлем чемпионатында ел құрамасы жүлделі орыннан үмітті

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда футзалдан өтетін әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасының мақсаты мен мүмкіндігі жайлы ұйымдастырушылар баспасөз  мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алға шығамыз деп ойлаймын. Осы үшін бар күшімізді салдық. Әрі қарай біздің жігіттер лайықты деңгейде ойын  көрсету үшін күресетін болады. Турнир кестесі бойынша салмақты командалармен қатар тұрмыз. Осынысымен ойын қызықты болмақ. Қай-қайсысының да жеңетініне кепіл жоқ, бәрі де жеңістен үмітті»,-деді ХАТУ ректоры, Ұлттық студенттер лигасының президенті Дамир Шыныбеков.

Ұйымдастырушылар тарапынан  әлем чемпионаты ойыншылары мен кәсіби футбол, футзал клубтары арасында келісімшартқа отыру ойда бар. 

Қазақстанның студенттік лигасы кәсіби клубтарға ойыншылар жіберуде тәжірибесі мол.  Футзал бойынша қазақстандық студенттік құраманың капитаны Биржан Оразов «Қайрат» футбол командасының құрамында ойнайды. Ол ерлер студенттік құрамасының турнирге дайындығы туралы айтып берді.

«Дайындық жақсы жүріп жатыр. Чемпионат басталардан 3 ай бұрын дайындыққа кірістік. Біз барлық жиындардан өттік. Қырғызстан командасымен жолдастық матч өткіздік. Біздің қарсыластырымыз осал емес. Бірінші  мақсатымыз - бізге бекіткен топтарды  артқа тастау. Олардың ішінде  студенттер арасында қола жүлдегер чехиялық топ бар. Бұл топпен бірден ойынға түсеміз. Одан әрі жеңістен үмітті деген Ресей, Аргентина құрамалары бар. Чемпионатта Португалия, Италиядан келген мықты командалар бар»,-деді команда капитаны Біржан Оразов.

Дамир Шыныбековтың сөзінше, қазақстандық ойыншылар 4-5 университет студенттерінен құралып, биыл құрама 80 пайызға жаңартылған.

 «Қазақстан құрамасын жаңарту мақсатында 16 университеттен студенттерді жинадық. Бүгінде ерлер командасында 5 оқу орнының, қыздар командасында  4 университеттің студенттері қалды. Іріктеу сыны  қатал өтті. Биыл бірінші рет ойыншылар жасына шектеу қойылып,  25 жасқа толғандар  шеттетілді. Бұл дегеніміз, бұрынғыдай кәсіби ойыншыларды жинап алып, студенттер атынан жіберетін әдет тоқталады деген сөз. Алдын ала болжам бойынша 17 құраманың 7-еуі жеңістен үмітті деуге болады»,- деді Дамир Шыныбеков.

Қазақстан ерлер құрамасын Қайрат Құлбарақов,  қыздар командасын Анатолий Одинцов жаттықтырады.

Фудзалдан әлем чемпионаты Алматыда FISU және  FIFA қолдауымен 16-шы рет  -ерлер, 8-ші рет қыздар арасында  өтеді. 19 тамызда басталатын теңбіл доп додасына 16 ерлер, 9 қыздар командасы қатысады. Биыл ұйымдастырушылар 5 құрлықтан келетін құраманы жайғастыруға  дайындалуда.

Айта кетер жайт, әлем рейтінгінде көш бастап тұрған Испания, Бразилия елдері түрлі  себептерге байланысты Алматыдағы додаға қатыса алмайтын болды.

nullnull

Соңғы жаңалықтар