Қазақстанда Орталық Азияның болашақ келбеті талқыланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Орталық Азия-2030: болашақтың келбеті». Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі бірлесе отырып сараптамалық кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараның күн тәртібі Орталық Азия елдерінің сауда және экономика, көлік және энергетика, адами капиталды дамыту сияқты түрлі салалардағы кооперацияны арттыру мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына арналған. Кездесуге ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, Орталық Азия елдері Президенттері жанындағы Стратегиялық зерттеулер институттарының басшылары, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша сарапшылар қатысты.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов өз баяндамасы барысында аймақтың 2030 жылға қарай қалай дамитынын, қандай міндеттер күтіп тұрғанын және тығыз ынтымақтастықта қандай мүмкіндіктер шешуші болатынын талқылауды ұсынды.

«Әлемдегі белгісіздік деңгейі болашақта тек арта түседі. Біз дамудың жаңа кезеңіне аяқ бастық, бұл барынша ойластыруды қажет етеді. Қазіргі халықаралық қатынастардың ауқымды өзгерістері өңір елдерін оларға бейімделуге, ортақ мәселелерді шешуде бірігуге итермелеп отыр. Сондықтан, бүгінгі таңда Орталық Азияның негізгі даму аспектілері бойынша өңірлік диалогті кеңейту және нығайту өте маңызды.

Әлемдегі стратегиялық белгісіздіктің өсуі – негізгі тенденция. Мұндай кездесулерде біз дұрыс бағытта келе жатырмыз ба, осы жылдам өзгеретін әлемде дұрыс стратегияларды қалыптастырамыз ба, соны түсіну маңызды. Табысты екіжақты қарым-қатынастарды одан ауқымды деңгейге жеткізу мүмкіндігін қарастыру қажет. Тек ауқымды кеңейту ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастықты қайта құруға мүмкіндік беретін өңірлік мәселелерді қалыптастыру қажет. Бізге қателіктер жібермеу және жіберіп алған мүмкіндіктерге өкінбеу үшін өткен тәжірибені ескере отырып, озық ынтымақтастық пен интеграция сценариі қажет», - деді институт басшысы.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев мұндай құрамдағы кездесулер ең маңызды мәселелерді ашық және сындарлы диалог жағдайында талқылауға мүмкіндік беретінін айтты.

«Жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар стратегиялық маңызды мәселелердің тұтас кешенін шешуге, ынтымақтастығымыздың одан әрі бағытын анықтауға, тұтастай алғанда аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, біз мемлекетаралық ынтымақтастығымызды сапалы жаңа жоғары деңгейге шығара алдық. Біз жаңа сынақтар мен жаңа мүмкіндіктер әкелетін жаһандық өзгерістердің куәсі болып отырмыз.

Орталық Азия елдерінің ерік-жігері жоғары. Елдер қарқынды диалогті бастады. Біз аймақта бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін стратегиялық мәселелерді бірге шешеміз. Осы орайда, мемлекет басшыларының консультативтік кездесулері маңызға ие. Біздің елдердегі саммиттер ерекше рөл атқарады. Биыл қыркүйек айында Душанбеде мерейтойлық саммит өтеді.

Қазір ХХІ ғасырдағы достық туралы келісім, аймақтық ынтымақтастықтың жол картасы және «жасыл» күн тәртібі бойынша келіссөздер жүріп, жүзеге асырылып жатыр. Аймақтық сауда көлемі ұлғайып, 50%-ға артты. Логистикалық жобаларды ұлғайту, іскерлік байланыстарды, бірлескен кәсіпорындар құру шаралары жүргізіле бастады. Іргелі мәдени-гуманитарлық байланыстар елдеріміз арасындағы бауырластық қарым-қатынасты нығайта түсті. Орталық Азияның мәдени мұрасына қызығушылық артып келеді. Біз ортақ мұраның сақталуын құптаймыз. Орталық Азия жаһандық үдерістердің маңызды қатысушысына айналуда», - деді Ермұхамбет Қоныспаев.

Конференция қатысушылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия елдерінің бірлескен дамуындағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар, спикерлер бірлескен дамудың стратегиялық көзқарасын талқылаудың маңыздылығы туралы айтты.

Осы орайда, Тәжікстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Хайриддин Усмонзода бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының саяси жүйесінде болып жатқан реформалардың Мемлекет басшысының жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқанына, оның Орталық Азия елдері үшін өте маңызды екеніне және аймақтағы басқа елдерге үлгі болатынына баса назар аударды.

«Егер бұрын Орталық Азия елдері сырттан келетін болжамдарға сүйенсе, бүгінде бұл болжамдар Орталық Азия өңіріндегі стратегиялық зерттеулер орталықтарында дайындалады. Мұның бәрі пікір алмасу арқылы бірлесе отырып, орын алған қиындықтарға төтеп беру үшін жасалып жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының саяси жүйесінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар Орталық Азия елдері үшін де, сондай-ақ аймақтағы басқа елдер үшін маңызды және үлгі деуге болады. Көріп отырғанымыздай, Қазақстан әрқашан алға қарай сенімді қадамдар жасап, оның тұрақтылығы мен экономикалық дамуы бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі болып табылады», - деді сарапшы.

Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Элдор Арипов 2030 жылы Орталық Азияда не көргіміз келеді деген сұрақ аса маңызды екенін атап өтті.

«Әлемдегі жағдай бүгінгі таңда бізден аймақтық ынтымақтастықты нығайтуды, Орталық Азиядағы ынтымақтастықты тереңдетуді талап етеді. Орталық Азиядағы жас ұрпақтың болашағы үшін күрес – аймақтың болашағы үшін күрес. Басты мәселе – біз жеті жылдан кейін Орталық Азия аймағын қалай көретінімізде. Бізге мінсіз ынтымақтастық қажет, синхронды даму үшін бәріміз бірігіп мұны үйлестіруіміз керек. Бұл жерде тек болашақ нәтижелер ғана емес, сондай-ақ нақты жағдайды талдау арқылы нәтижеге жету маңызды. Сол себепті қолда бар ресурстардың маңыздылығы зор», - деп бөлісті спикер.

Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Канатбек Азиз бірлескен стратегиялық дамудың мазмұнын анықтауды ұсынды.

«Орталық Азиядағы болашақ ынтымақтастық үшін алдымен оның мазмұнын анықтауымыз керек. Біз аймақты қалай көреміз? Ол 5 елді қамти ма? Макроөңірге айналдыруды қарастыру қажет. Біз терең ойлайтын сарапшылар үшін жағдай жасап, аймақтың ортақ келбетін жасау үшін жаңа алаң құруымыз керек», - деді Канатбек Азиз.

Орталық Азия халықаралық институтының (Өзбекстан) директоры Владимир Норов аймақтағы түбегейлі жаңа саяси атмосфераның негізін қалап, Орталық Азияның бұрынғы күш-қуатын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін мұндай бірлікті нығайтуға бағытталған консультативтік кездесулердің маңыздылығына тоқталды.

«Соңғы жылдары біз өңірлік субъективтілікті нығайтуды қолға алдық, ал бұл Орталық Азия елдерінің өңірлік мәселелерді шешуде жауапкершілікті өз мойнына алды дегенді білдіреді. Инвестициялық ахуалды жақсарту қажет. Орталық Азия аймақтық нарық құрылған жағдайда ғана жаһандық компаниялар үшін тартымды болады. Әзірленген іс-шаралар жоспары нақты жүзеге асырылуы тиіс», - деді Владимир Норов.

Түрікменстан СІМ Халықаралық қатынастар институтының Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Шири Шириев Орталық Азия Шығыс пен Еуропаны байланыстыратын тауарлар мен идеялар көпірі екенін атап өтті.

«Бірлескен мәселелерді шешуге және сауданы нығайтуға деген құлшыныс артып келе жатқаны байқалады. Бұл шетелдік инвестицияны тартуға септігін тигізеді. Көшбасшылардың кездесулері елдер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа рухын көрсетеді», - деп түйіндеді спикер.



Фото: Арман Мухатов

Соңғы жаңалықтар