Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы Протон терапия орталығы салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ұлттық ғылыми онкология орталығы қай жерде салынатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық ғылыми онкология орталығы жобасының кешеуілдеп қалуына байланысты сын да айтылған еді. Ол жобамен Назарбаев Университеті айналысқан. Өткен жылдан бастап жобаның параметрлерін қайта қарап, қазіргі уақытта қай жерде салатындығын айқындадық. Басқа да ғылыми орталықтармен интеграция барынша мығым болуы үшін біз тұрғызылатын жаңа орынды белгіледік», - деді Елжан Біртанов Парламент Сенатында Үкіметтік сағаттан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің айтуына қарағанда, орталық – бұрынғы Медициналық холдингтің аумағында салынады. Яғни, ол – Ұлттық кардиохирургия орталығы, Ұлттық нейрохирургиялық орталық пен Ұлттық ғылыми онкология және транспонтология орталығы тұрған медициналық кешен аумағында бой көтереді.

«Ұлттық ғылыми онкология және транспонтология орталығы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық болып трансформацияланған еді. Сол орталықтың аумағында қазіргі уақытта мен айтқан нысанның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге, оның жанында Назарбаев Университетінің Медициналық мектебі тұр. Яғни, бұл онкоорталықтың салынуы – жетекші технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Елжан Біртанов нысан құрылысы бойынша мердігер бекітілгенін, ол мердігердің – Ұлттық кардиохирургия орталығы мен Ана мен бала орталығын салған «Делойд Инжиниринг» компаниясы екенін атап өтті.

«Осы орталықтың аясында Орталық Азиядағы бірден-бір протонды терапия орталығы ашылады. Бұл – шағын ісіктерді емдейтін жаңаша технология. Орталықтың емдеу корпусының құрылысын 2020 жылдың соңында аяқтауды көздеп отырмыз. Протонды терапия орталығы күрделі болғандықтан, оның құрылысы шамамен 2021 жылдың ортасында аяқталады. Жобаның жалпы құны – 70 млрд теңге», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар