Қазақстанда орман өрті жиі шығатын өңірлер анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өрт қаупі жоғары кезең басталысымен, Қазақстанның орманды дала алқаптарында күн сайын шамамен екі өрт тіркеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, орман өртінің 80 пайызында адамдар кінәлі.

«Өрт қаупі жоғары кезең басталысымен, мемлекеттік орман қоры алқабына жеке адамдардың келуіне, көлік құралдарының кіруіне шектеу қою бойынша күн сайын патрульдеу, табиғи өрттің алдын алу үшін мемлекеттік өрт бақылау қызметі, жергілікті полиция және жергілікті орман шаруашылығы қызметкерлерінен 325 жедел топ құрылды. Олардың құрамында 2 051 адам бар», - деді Ю. Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мобильді топтар 2 мыңға жуық рейд жүргізген және нәтижесінде 177 адамға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оларға рұқсат етілмеген жерде от жағу, егін алқаптарын өртеу, өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамауға қатысты айып тағылған.

«Жыл басынан бері елімізде 352 табиғи өрт тіркелді, дегенмен өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда өрт көлемі 44% -ке азайған (2017 жылы - 629 өрт). Өрт аумағы 168 мың гектарды құраса (2017 ж - 833 мың гектар), өрттен келген материалдық шығын - 199 млн теңгені құрады», - деді спикер.

Оның айтуынша, өрт саны азайғанымен, өрт шалған аумақтар 9 есеге көбейіп отыр.

«Былтыр 16,3 мың гектар жер өртенсе, 2018 жылы - 145 мың гектар алқап өртенген. Әсіресе Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарындағы орман өрті салдарынан, өртенген аумақ көрсеткіші артып отыр. Өртті азайту мақсатында ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілермен, орманды алқаптарда тұратын халықпен 6 мыңға жуық жиналыс өткізілді, 55 мың адамды қамтитын дөңгелек үстелдер, жаттығулар жүргізілді», - деп хабарлады вице-министр.

Соңғы жаңалықтар