Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі едәуір артты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 7 айында еліміздің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1 пайызға артты. Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері, жалпы алғанда, жетекшілік ететін салалар өнеркәсіп өндірісінің жағымды өсу динамикасын көрсетті. Осылайша, 2018 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1 пайызға, соның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі 5,4, өңдеуші өнеркәсіп 4,9 пайызға өсті. Тау-кен өндіру секторында темір рудасын өндіру көлемінің 7,4 пайызға өскені байқалады. Бұл, «Соколов Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігі» АҚ-ның темір рудасын Қытай Халық Республикасына жеткізу экспортын арттыра отырып, өз көлемдерін 10 пайызға ұлғайтуымен байланысты болды», - деді ол.

Оның дерегінше, түсті металдар кенін өндіру көлемі 3,1 пайызға өсті. Бұл өндіру көлемдерінің қосымша өсуімен, сондай-ақ тиісті технологиялардың жоқтығынан, 70 жыл бойы өңделмеген Бақыршы кен орнын ағымдағы жылғы 26 маусымда іске қосумен байланысты болды. Бүгінде бұл Қазақстандағы алтын қоры бойынша ең ірі кен орындарының бірі болып табылады. Жоба арқылын 10 тонна алтын өндіру көзделуде.

«Металлургияда өндіріс көлемі 3,6  пайызға өскен. Қара металлургияда ферроқорытпалар, ыстықтай илемдеу, болат шарлар өндірісі көлемдерінің артуы есебінен өсім 4,8 пайызды құрады. Түсті металлургия өндірісіндегі өсу өңделмеген мырыш, мыс, алтын, глинозем, қола және басқа да өндірістің артуы есебінен  2,6 пайыз болды. Мысалы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС алтын өндіруді 31 пайызға ұлғайтты», - деді комитет төрағасы.

Оның дерегінше, ағымдағы жылдың соңына дейін тазартылған алтын өндіру көлемін 20 тоннаға, қорғасын өндірісін 20 мың, алюминий қорытпаларын өндірісін 20 мың тоннаға ұлғайту көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар