Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің саны өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек құқықтарын қорғауға, өндірістік жарақаттануды төмендетуге және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын қысқартуға бағытталған бірқатар құжаттар дайындап жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр өз сөзінде лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан кәсіпорындарында еңбек заңнамасының сақталуына тұрақты мониторинг және бақылау жүргізіліп отыратынын айтты.

«2020 жылы тексеру нәтижелері бойынша 4,4 мың жұмыс беруші 7 мыңнан астам талапты бұзушылықты жойды. 31 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, оларға жалақы бойынша 4,2 млрд теңгеден астам берешек төленді. Сонымен қатар, жалақы бойынша берешек мәселесі әлі де сақталуда. Биылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша 70 кәсіпорында қарыз 837 млн теңгені құрады. Банкрот немесе оңалтудағы кәсіпорындардағы берешек ерекше алаңдаушылық туғызады, оның үлесі жалпы соманың 78 пайызын құрады», – деді С. Шәпкенов.

Министр сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету аясында 2,7 мыңнан астам кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізгенін, 3 мыңнан астам өндірістік нысан аттестатталғанын хабарлады. Ішкі бақылауды 15 мыңнан астам өндірістік кеңестер жүзеге асырады.

2019 жылғы 17 маусымда Женевада Еңбекмині Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету туралы меморандумға қол қойды. Республиканың 216 кәсіпорны осы тұжырымдамаға қосылды.

2020 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің саны 1 503 адамға өскен, ал 2019 жылғы 1 430 жағдай болған.

«Әкімдіктермен және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, Әлеуметтік әріптестік жүйесін күшейтуге бағытталған кешенді қадамдар іске асырылуда. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ірі және орта кәсіпорындардың 97,1 пайызы және шағын кәсіпорындардың 46,8 пайызы ұжымдық шарттармен қамтылған. Қызметкерлердің қысқаруына жол бермеу мақсатында әкімдіктер мен өңірлердің кәсіпорындары арасында өзара ынтымақтастық туралы 131 мың меморандум жасалды. Бұл жұмысты жандандыру қажет, облыс әкімдерінің орынбасарларынан еңбек қатынастарын реттеу мәселелерін бақылауға алуды сұраймын. Еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды және 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасын іске асыруды қамтамасыз ету қажет», – деді Серік Шәпкенов.

Еңбекминінің басшысы ҚР Үкіметі мен кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы жаңа Бас келісімді келісу аяқталатынын, оны қабылдау еңбек қатынастарының теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар