Қазақстанда Өлкетануды дамытудың арнайы тұжырымдамасы әзірленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» идеологиясына қатысы жоқ шаралар өткізетін лауазымды тұлғаларға жауапкершілікті күшейту қажет. 

Бұл туралы бүгін Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Оңдасын Оразалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейінгі отырыста айтылған ескертулерден кейін жұмыс біршама түзеліп, көптеген әкімдердің «Туған жер» арнайы бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарына қатысуы белсенді бола түсті. Өткен жылы жоба аясында 2 мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Бұл бағытқа шамамен 85 млрд теңге бөлінсе, оның 69 млрд теңгесі демеушілердің қаражаты», - деді Оңдасын Оразалин.

Дегенмен, оның атап өтуінше, бағдарлама аясында «Рухани жаңғыру» идеологиясына байланысы жоқ шаралар да жүзеге  асырылады. Ертеректе жоспарланып, жылдан-жылға қалып келген шаралардың да өткізілу дерегі бар.

«Мұны Мемлекет басшысы да атап өтті. Осыған байланысты мұндай сәйкессіздікке жол берген лауазымды тұлғаның жауапкершілігін арттыру қажет. Мемлекеттік инспекторларға мұндай фактілерді анықтап, жолын кесу, жоспарланған шараларға сәйкесінше өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы тапсырма бердік», - деді Оңдасын Оразалин.

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы орынбасарының дерегінше, «Туған жер» бағдарламасы аясында бүкіл республика бойынша 700-ден астам жоба жүзеге асырылған.

«Меценаттар есебінен 51 млрд теңгеден астам демеушілік көмек түсті. 735 нысан абаттандырылып, қалпына келтірілді. «Туған жер» бағдарламасы аясында 1438 нысан пайдалануға берілді», - деді Оңдасын Оразалин.

Осы ретте ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбеков «Туған жер» жобасын одан ары жүзеге асыру аясында Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктеріне Өлкетануды дамытудың арнайы тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар