Қазақстанда оқушылар үшін жаңа мәдени-білім беру жобасы әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2020 жылғы қазан айынан бастап мектеп оқушыларының адамгершілік және рухани тұрғыда дамуына бағытталған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын іске қосады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, бағдарлама ұзақтығы 10-15 минуттан тұратын 1-11 сынып оқушылары үшін бейне-дәрістер түрінде әзірленді. Балалар үйден шықпай-ақ Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды түрде саяхаттай алады. Сондай-ақ опера, балет, драма өнерінің озық үлгілерін көріп, қазақстандық және шетел кинофильмдері мен мультфильмдерін тамашалап, әсем музыкалық шығармаларды тыңдай алады.

Оқушыларға mmura.kz сайтында музыкалық өнер, театр өнері, киноматография, бейнелеу өнері және Киелі Қазақстан атты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілдерінде барлық білім беру бейне-дәрістеріне еркін қол жеткізуге мүмкіндік беріледі.

Әр бейне-дәрістің соңында оқушылар үш сұраққа жауап бере отырып, өздерін тексере алады. Балалардың ерікті түрде қатысуы осы жобаның қағидатты шарты саналады. Оқу жылының соңында тест сұрақтарына дұрыс жауап беріп, жоғары ұпай жинаған ең белсенді қатысушыларды сыйлықтар мен жағымды тосынсыйлар күтеді.

«Осындай деңгейдегі жоба жас және жаңа білімге құмар ұрпақ үшін бағдар береді, еліміздің сенімді азаматтарын тәрбиелеуге көмегін тигізеді және жігерге толы жас жүректерді жаулап алады деген сенімдеміз» - деп атап өтті ұйымдастырушылар.


Соңғы жаңалықтар