Қазақстанда оқу құралдары неліктен қымбаттады – шолу

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылы жақындап келеді және қазақстандықтар мектепке қажетті тауар сатып ала бастады. Мектеп формасынан бөлек, балаларға базалық кеңсе тауарларын да алу қажет. ҚазАқпарат агенттігі оқу құралдарының бағасы қаншалықты өскеніне және қымбаттаудың себебіне шолу ұсынады.

Оқу құралдары қаншалықты қымбаттады

Кеңсе тауары дүкендерінің бірінде айтылғандай, оқу құралдарының негізгі түрлері қағаздан (дәптер, күнделік, сурет салу альбомдары), түрлі сортты пластиктен (қалам, қарындаш, сызғыш) және темірден (қағаз қыстырғыш, батырма, қысқыштар) жасалады. Мұның бәрі қазір бірнеше есе қымбаттады. Оған Қазақстан мен ТМД қағаз нарығындағы ресейлік қағаз монополиясы ықпал ететін көрінеді.

«Дәптерлер және басқа да тауарларды шығару үшін орама қағаз қолданылады. Мұндай қағаз қазір тапшы, оның құны өсті, ал бірінші жартыжылдықта рубль бағамы 5,5 теңгеден рекордты көрсеткіш – 9 теңгеге дейін өсті. Пластик мұнайдан немесе газдан алынады. Энергия бағасы да шарықтауда. Арзан кеңсе тауары қайдан келеді?»,- дейді дүкен өкілі.

Кеңсе тауарларының бөлшек сауда бағасына елдегі үлкен бағамдық айырмашылық, логистикалық шығындар (көлік қызметтері 3-4 есе қымбаттаған) секілді жергілікті инфляциялық процестер де әсер етеді. Тауар көп жағдайда жақын және алыс шетелден импортталады, сондықтан оның бағасы биыл орта есеппен 40-50%-ға өскен.

Қымбаттаудың себебі неде

«Қазақстандық өндірушілер оқу мен кеңсе тауарларының аздаған түрін ғана шығарады. Онда да Қазақстан халқының қажеттіліктері үшін жеткіліксіз көлемде күнделіктер, қағаз, түрлі-түсті қағаз ғана өндіріледі. Әдетте, отандық кеңсе тауарларының бағасы импортталатын тауарларға қарағанда арзан емес. Отандық кеңсе тауарларын өндіретін шикізат та шетелден әкелінеді. Біздің компания кеңсе тауарларының 95%-ын Еуропадан, Ресейден, Қытайдан әкеледі», - деп түсіндірді «АБДИ Компани» АҚ президенті Әбдібек Бимендиев.

Сонымен бірге компания бірінші сынып оқушысы мен орта сынып оқушыларына арналған жиынтықтар туралы ақпарат берді.

Бастауыш сынып оқушыларына тек қажетті кеңсе тауарларын сатып алу ұсынылады, мысалы: - 12 парақтық дәптерлер (50 дана), шарикті қаламдар (5 дана), қара графит қарындаштар (2 дана), түрлі-түсті қарындаштар (6 түс), сурет салатын альбомдар (2 дана), акварель бояулары (6 түс), қылқаламдар (жиынтық), су өткізбейтін стақан, ермексаз (6 түс), ермексазға арналған тақта, дәптер мен кітапқа арналған мұқабалар (жиынтық), түрлі-түсті қағаз, ақ және түрлі-түсті картон, сызғыш, өшіргіш, ұштағыш, қайшы, желім-қарындаш, пенал, ортопедиялық рюкзак.

Орта сынып оқушылары үшін компания мамандары осындай тауарларды ұсынады, бірақ жасөспірімдер рюкзактарын, сызғыштар жиынтығын, автоматты қарындашты, сондай-ақ түрлі-түсті қарындаштар, акварельдер, пластилиндер жиынтығындағы 12 түстісін таңдауға кеңес береді.

Ұсынылатын түстер мен тауар санын ескере отырып, төменгі сыныптар үшін ең төменгі себет құны 17 мың теңгеден, орта сыныптар үшін – 20 мың теңгеден басталады. Глобус, конструктор, папкалар, аяқ киім сөмкелері және т.б. сияқты қосымша кеңсе тауарларын ата-аналар өз қалауымен ала алады.

Аталған дүкендерде 12 бет дәптер құны– 45 теңге. Шарикті көк сиялы қалам – 50 теңге. Қара графит қарындаш – 55 теңге. Қала орталығындағы бірнеше дүкенде де 12 бет дәптердің орташа бағасы 40-45 теңгені құрайды.

Жалпы, компания басшысы түсіндіргендей, 12 бет дәптер бағасы қазіргі уақытта нарық бойынша 30-дан 80 теңгеге дейін өзгеріп отырады. Бірақ көптеген компаниялардың кейбір кеңсе тауарларының бағасын төмендетуі – маркетингтік қадам ғана.

«Көптеген сауда орындары мен компаниялар дәптерге өзіндік құнынан да төмен негізсіз бағаны қояды. Бұл, әрине, бәсекелестерінен басым түсу үшін, тұтынушылардың назарын аудару мақсатында жасалады. 12 беттік дәптерді арзандату үшін пластилин, бояу, түрлі-түсті қарындаш сияқты басқа да сұранысқа ие тауарлардың бағасын көтеріп жібереді. Түптеп келгенде тұтынушыға дәптер төмен бағамен сатылмайды. Тұрғындар 12 беттік дәптер 40-45 теңгеден төмен сатылмайтынын түсінуі тиіс, өйткені дәптердің өзіндік құны мен Ресейден Қазақстанға жеткізу құны бар», - деп есептейді компания президенті.

Қандай оқу құралдары көп қымбаттады

Оқу құралдарының жалпы жиынтығының 50%-дан астамы – күнделіктер, 12 парақ дәптерлер, жалпы дәптерлер, сурет салу альбомдары, сызу қағазы, ақ картон, түрлі-түсті картон, түрлі-түсті қағаз және т.б. қағаздан жасалады.

Мектепке арналған қағаз өнімдер Ресейден әкелінеді, сондықтан 2022 жылы кеңсе тауарларының осы санаты басқаларға қарағанда көбірек қымбаттады.

Отбасы үшін кеңсе тауарларын сатып алуға көмек туралы

Жыл сайын «Жалпыға міндетті оқу» бағдарламасы шеңберінде мектеп киімін, аяқ киім, оқу құралдарын сатып алу көзделген. Биыл 8 тамызда ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес, білім алушылар мен тәрбиеленушілерге киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу үшін материалдық көмек ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың не кәмелетке толған білім алушының өтінішіне сәйкес, ақшалай беріледі. Материалдық көмек алушы өтініштен бөлек, банк картасының 20 таңбалы нөмірін ұсынады, оның иесінің несиелік берешегі болмауы тиіс және карта бұғатталмауы қажет. Немесе ол материалдық көмекті аудару үшін банкте арнайы шот ашады.

Нұр-Сұлтан әкімдігінде мына санаттағы оқушыларға көмек көрсетіледі:

- АӘК алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;

- АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөрістен төмен отбасылардан шыққан балалар (37 389);

- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар;

- басқа санаттар (өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар және кемтар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар).

Материалдық көмек мөлшері бір балаға 40 мың теңгені құрайды (ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 теңге).

Мысалы, елордада 16 720-дан астам білім алушыны қамту жоспарлануда. Елордалық білім басқармасының мәліметінше, қала мектептеріне 8 мыңнан астам өтініш түскен.

Сонымен қатар 1 тамызда дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Науқан аясында мұқтаж отбасылардың балаларына (аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар), сондай-ақ әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу мақсатында демеушілік қаражат есебінен көмек көрсетіледі. Жаңа 2022-2023 оқу жылында Нұр-Сұлтан аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы 10 мыңға жуық балаға демеушілік қаражат есебінен керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары таратылады.


Соңғы жаңалықтар