Қазақстанда Нyundai маркалы жеңіл автокөлік шығаратын зауыт салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда Нyundai маркалы жеңіл автокөлік шығаратын зауыт салынады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы жайында баяндаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Машина жасауда автокөлік құралдары өндірісін 32 мың бірліктен 60 мың бірлікке дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Өнеркәсіптік кооперация аясында біз үшін Еуразиялық одақ нарықтары басымдыққа ие. Биыл Hyundai маркалы жеңіл автокөлік өндіретін зауыт құрылысын бастаймыз. «КАМАЗ» көпшілік акционерлік қоғамымен бірлескен өнеркәсіп құрылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіретін технологияларды беретін «Кировец» зауытымен одан әрі ынтымақтасу жоспарланған», - деді министр.

Сонымен қатар ол өңдеу секторына Елбасының тапсырмасы бойынша "қарапайым заттар экономикасының" саласын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына бөлінген 600 млрд теңге жаңа серпін беруі тиіс екендігін айтты. Оның 400 млрд теңгесі өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталады.

«Бұл жеңіл, жиһаз және азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы салаларының күнделікті қолданылатын 250-ге жуық өнеркәсіптік тауар өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді. 2025 жылға қарай бизнесті жеңілдікпен қаржыландыру 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға, бюджетке түсетін салықты 1,1 трлн теңгеге дейін өсіруге, "қарапайым заттар экономикасы" өнімінің импорттың үлесін 59-дан 37 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл жеңіл өнеркәсіптегі ірі жобалар жаңғыртылады және ауқымы кеңейтілетін болады», - деді ол.

Оның айтуынша, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын іске асыру бойынша "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы базасында құрылған жобалық кеңсе бағдарлама аясында қолдау білдіру үшін бизнеске көмек көрсетуге және ақпараттандыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар