Қазақстанда несиелік серіктестіктер жұмысында қандай өзгерістер болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров несиелік серіктестердің проблемалары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Несиелік серіктестіктер жүйесін қайта қарау көзделуде. Бүгінде барлық несиелік серіктестіктер бір ғана қорландыру көзіне, яғни бюджетке тәуелді болып отыр. Қаржылдандырудың өзге көздерін тарту мүмкіндігі жоқ. Шындығында, несиелік серіктестіктер қазір тығырыққа тірелді. Егер шара қолданбасақ, несиелік серіктестіктер тоқырауға ұшырайды», - деді министр.

Осыған байланысты «Кредиттік серіктестіктер туралы» Заңға несиелік серіктестіктерге орталық несие серіктестігін құруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді.

«Орталық несиелік серіктестіктерге де несиелік серіктестердің қызметін реттейтін жалпы талаптар қолданылатын болады», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Сонымен қатар, заң жобасымен несиелік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысын өткізу тәртібі мен мерзімін нақтылайтын түзетулер енгізілмек.

«Жоспарланып отырған өзгерістер несиелік серіктестіктерге, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несие беру үшін бюджеттен тыс қосымша қаржы тартуға мүмкіндік береді», - деді Сапархан Омаров.

Соңғы жаңалықтар