Қазақстанда несиелік айыппұлдар пен өсімақылар кешірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың 30 млрд теңгеден асатын несиелік айыппұлдары пен өсімақылары кешірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Айыппұлдар мен өсімақылар 30 млрд теңгеден асады. Ұлттық банк олардың 30% жабады, қалғаны - екінші деңгейлі банктер есебінен кешіріледі. Қазіргі уақытта барлық айыппұлдар мен өсімақылар кешірілді», - деді ҚР Ұлттық банкі Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ұлттық банк өкілі келешекте 90 күннен асып кеткен кепілсіз қарыздарға айыппұл, өсімақы салуға заң жүзінде тыйым салынатынын еске салды.

«Қазір банк қауымдастығымен қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеу тәсілдерін өзгерту мәселелерін талқылаудамыз. Қарыз жүктемесін шектейтін тұрақты механизм бар. Ол ай сайынғы несие төлеміне табыстың 50% ғана жұмсауға рұқсат береді», - деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, төлем табыстың 50% асып кетсе, тұрғынға неисе берілмейді.

«Қазір бұл мәселені шешіп жатырмыз. Қарыз жүктемесін есептеуде ең төменгі күнкөріс деңгейі және әрбір отбасы мүшесінің күнкөрісіне қажетті сома анықталады», - деді Д. Сәлімбаев.

Айта кетсек, 2019 жылдың 26 маусымында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойды.

Бұған дейін Ұлттық банк қазақстандықтардың кредитін жауып беру процедурасын толық түсіндірген болатын.


Соңғы жаңалықтар