Қазақстанда нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен нашақорлыққа қарсы күрес айлығының ресми ашылуы өтті. Шара 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылды.

Жиынға ішкі істер вице-министрі Ержан Сәденов, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, волонтерлер қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. 11 мамырда біз Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасын бекіттік. Алдын алу – нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйесіндегі ең басты элемент. Күш біріктірудің арқасында біз өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, салауатты болашақты қамтамасыз ететінімізге сенімдімін», — деді Ералы Тоғжанов.

Өз кезегінде Ержан Сәденов есірткімен күрес бойынша Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталып, олардың нәтижесімен бөлісті.

«Елімізде жыл басынан бері барлығы есірткіге қатысы бар 1 400 құқық бұзушы ұсталды. 600-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық және 1 800-ге жуық қылмыстық әрекет анықталды. Сондай-ақ заңсыз айналымнан екі тоннаға жуық есірткі заты тәркіленді», — деді вице-министр Ержан Сәденов.

Есірткіге қарсы айлықты өткізу барлық азаматтарды, олардың ішінде кәмелетке толмағандар мен жастарды алдын алу іс-шараларымен кеңінен қамтуға бағытталған.

Есірткіні тұтынудың алдын алудың өзекті және проблемалық мәселелері бойынша педагогтермен, психологтармен, педиатрлармен, ата-аналармен семинар-кеңестер мен дәрістер өткізу жоспарланған.

Айлық 26 мамыр - 26 маусым аралығында еліміздің барлық өңірінде өткізіледі.

Шара соңында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша қоғам, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған семинар-тренинг өткізілді.


Соңғы жаңалықтар