Қазақстанда музейлерді дамытатын жаңа орталық құрылды
2020 жылғы 5 наурыз 22:26

Қазақстанда музейлерді дамытатын жаңа орталық құрылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан музейлерді дамытумен айналысатын үйлестіру-әдістемелік орталығы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Айбар Қасеналиннің айтуынша, қазақстандық музейлер әдістемелік жетілдіру жұмыстарына мәжбүр.

«Жыл басынан бері Мәдениет және спорт министрлігі келелі істерді қолға алып отыр. Соның бірі – Мәдениет саласының әр бағыттарына байланысты үйлестіру-әдістемелік орталықтарын құру. Қазіргі уақытта Қазақстан музейлерінде әрі әдістемелік, әрі үйлестіру функциясы берілген еш орталық жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі өз құзіреті шеңберінде ғана қызмет атқарады. Ал барлық музейлерге жалпы әдістемелік тұрғыдан, жалпы дамыту бойынша нұсқаулық ұсынып отыратын ұйым керек. Сондықтан, министрлік жанынан «Қазақстан музейлерін дамыту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығы» құрылды» , - деді А. Қасеналин ҚР Ұлттық музейінде өткен орталық таныстырылымында.

Сонымен бірге, спикер үйлестіру орталығының қандай жұмыстармен айналысатынын түсіндірді.

«Орталықтың негізгі міндеттері – өлкетану және экскурсиялық жұмыстарды дамыту мен әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету. Жоғарыда айтып өттік, Қазақстанда еш орталық әдістемелік нұсқаулық дайындамайды, әр музей дербес жұмыс істеп келеді. Барлығын орталықтандырып, басымдықтар мен әлсіз тұстарын анықтап, нақты ұсынымдар берсек, Қазақстан музейлерінің жұмысы жүйеленер еді», - деді ол.

Оның айтуынша, тарихи нысандарға келушілерді тарту жұмысы да әлі қолға алынбаған. Қай нысанға неше туристің келіп жатқаны белгісіз.

«2001 жылы республика бойынша музейге келушілер – 3 млн адамнан асса, 2008 жылы – 4 млн адам, 2018 жылы – 6 млн адамнан асқан. Жаңа орталықтың тағы бір функциясы – музей келушілерінің саны мен құрамын анықтау болмақ. Жергілікті халық есебінен бе, шетелдік турист пе, отандық турист пе барлығын сараптайды. Бұл жерде сараптамалық жұмыс тек қана республикалық, ұлттық музейлерге емес, облыстық, аудандық деңгейдегі музейлерді де қамтиды», - деді А. Қасеналин.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT