Қазақстанда мүлік иелерінің бірлестігі алғаш рет онлайн тіркелді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда көп пәтерлі тұрғын үй алғаш болып мүлік иелерінің бірлестігін онлайн тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

28 сәуірде Алматы қаласындағы көп пәтерлі тұрғын үй алғаш болып мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) онлайн тіркеді. Үй тұрғындарының жалпы жиналысын өткізу мен қол жинауға бірнеше ай жұмсағанша, МИБ-ті қосымша арқылы тіркеген тез болып шықты. Тұрғындар біршама уақыт үнемдеді. МИБ-ті тіркеу мен оның төрағасын сайлау нәтижесі бірнеше күннен соң смартфонға хабарламамен жіберілді.

Үй басқару формасы ПИК (пәтер иелерінің коперативі) болып тұрған кезде ғимараттың коммуналдық желілері әбден тозған. Сондықтан, тұрғындар МИБ-ке өтіп, үй басқаруды толық өз қолдарына алғысы келген. Зеин Шашкин көшесіндегі, 30-үйдің МИБ төрағасы – 33 жастағы Ақнұр Әбілекова.

«Үйдің ортақ чатын құрдым. Бұл чатта келіспеушілік, айғай, ұрыс көп болды. Онда қандай да бір мәселені шешу ыңғайсыз еді, сондықтан процесс ұзаққа созылып кететін. Сосын жиналыс ұйымдастырып көрдім, жиналысқа тұрғындардың 10%-ы ғана келді», - дейді ол.

Үй басшысы тұрғындардан қол жинайтын адамға қиын екенін, кейде тіпті көршілер үйінде болмай, бір жаққа кеткенде, қол жинай алмайтын кездер болатынын айтады. Осы қосымшаның көмегімен қолды онлайн жинауға болатыны керемет мүмкіндік екенін атап өтті.

«Платформада тұрғындар дауыс беруге тиіс мәселелерді тез шешуге болатыны ұнайды. Әр тұрғын онлайн дауыс бере алады, сосын жүйе өзі автоматты түрде шешім қабылдайды. Басында бұл жүйе қаншалықты сенімді екеніне күмәнмен қарадық, жасы үлкен кісілер де қосымшаны қолдана алатынына күмәнданып еді. Әжелер смартфон қолданбайды немесе платформаға тіркеле алмайды деген ой – қате. Қазір қариялар да заманауи нәрселерді түсінеді, біз оларға нұсқаулық жібердік, қариялар өздері тіркеліп, қолданып жүр», - деді Ақнұр Әбілекова.

Мүлік иелері бірлестігін онлайн тіркеуге болатыны бұған дейін хабарланған еді. «Управ.дом» қосымшасында МИБ-ті тіркеу үшін мына кезеңдерден өту қажет:

- пәтер иелерін қосымшаға тіркеу;

- МИБ-ке өту бойынша бастамашы топ құру;

- МИБ төрағасын, үй кеңесі мен бақылаушыны сайлау (1 апта ішінде дауыс беру);

- мемлекеттік баж төлеу (1 АЕК көлемінде);

- жиналыс хаттамасын алу;

- Әділет министрлігінде тіркелу.

Министрлік мәліметінше, қазір Алматы, Қостанай, Степногор және Шымкент қалаларында бірнеше үй «Управ.дом» қосымшасында МИБ-ті тіркеудің соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Еліміздің 12 аймағынан 100-ден астам үй жаңаша басқаруға өту үшін кезекте тұр. Онлайн түрде тіркелу тек қосымшаға ғана емес, көп пәтерлі үйлерде тұратын тұрғындарының бұған белсенді қатысуына да байланысты.

Жоба ақпараттық қауіпсіздік талаптарын толығымен сақтайды және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын аттестаты да бар. Сондай-ақ, МИБ-ке өту реформаларын жүзеге асыру жұмыстары мемлекеттік мәліметтер базасымен бірлесе отырып жүргізіледі. Дербес деректер туралы заңнамаларға сәйкес деректерді пайдалануды қадағалау сервисі іске қосылған.


Соңғы жаңалықтар