Қазақстанда мүгедектікті тағайындау процесі жаңарады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда мүгедектікті тағайындау процесі қайта қаралып, жаңарады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр 1 қазаннан бастап мүгедектікті белгілеу проактив қызмет түріне ауысты. Азамат мүгедек екенін дәлелдеу үшін, алдымен медициналық тексеруден өтеді. Медициналық тексерудің нәтижесіне қарай, оған мүгедектік беріледі немесе бас тартылады. Егер расталса, ол азаматқа жәрдемақы тағайындалады. Сонымен қатар, мүгедек жанға оңалту құралдары мен шипажай емі қажет. Ол қызметті мүгедек әкімдіктен алады. Осы орайда, өзі денсаулығынан айрылған азамат, біз оны әртүрлі мемлекеттік органдарға жүгіртіп қойсақ. Әрине, бұл дұрыс емес. Сондықтан, аталған мүгедектікті растау процесі проактив қызмет түріне ауыстырылды», - деді Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, вице-министр мүгедектікті тағайындау процесі қайта қаралып, жаңаратынын айтты.

«Жыл сайын 250 мың азамат мүгедектігін растап немесе қайта растаудан өтіп жатады. Соның 21 пайызы проактивті түрде расталды, яғни ешқайда бармай-ақ мүгедек ретінде тіркелді. Енді азаматтар мүгедектігін растау үшін бұрынғыдай жүгірмейді, қағазбастылық жойылып, адами фактор азайды», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар