Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтардың төрттен бірі ғана жұмыспен қамтылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мүгедектігі бар 100 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбек жасындағы мүгедектігі бар адамдардың төрттен бірі ғана, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайына сілтеме жасап.

Ондағы деректерге қарағанда, бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті.

Адамның қай топтағы мүгедек екені оның жұмысқа қабілеттілігінің немесе қабілетсіздігінің көрсеткіші емес. Мүгедектігі бар 200 мыңнан астам адамның қалыпты жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, қалғаны арнайы жағдай жасалса жұмыс істей алады. Егер мемлекеттің міндеті «еңбекке қабілетті барлық азаматты нәтижелі жұмыспен қамту үшін оларға бастапқыда тең жағдай жасау» десек, осы қағидат мүгедектігі бар адамдарға да қатысты болуға тиіс.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамар Дүйсенова кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мүгедектігі бар 9 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделгенін, бүгінде олардың 3 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтады.

Электрондық еңбек биржасында мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын Кәсіптер мен оқулардың атласы бар. Онда мүгедектігі бар адамдар істей алатын 5 мыңнан астам бос жұмыс орны көрсетілген.

Мемлекет тарапынан мұндай санаттағы азаматтар үшін субсидия берілетін әлеуметтік жұмыс орындарын қайта бағдарлау процесі басталды. Бүгінде сол арқылы 6 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты.

Мүгедектігі бар адамдар үшін жаңадан арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілерді субсидиялау бойынша шаралар қабылданды. Тек биылдың өзінде осы мақсатқа бюджеттен 59 миллион теңге бөлінді.

Мүгедектігі бар адамдардың және осал топтардың басқа да санатына кіретін азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 10 мың грант қарастырылған. Грант мөлшері 1,2 миллион теңгеге дейін ұлғайды.

«Мүгедектігі бар адамдардың қажетті дағдысы, машығы мен білімі жоқтығы оларды жұмысқа орналастыруға басты кедергі болып отырғанын мойындаған жөн. Осыған байланысты, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп білім беру бағдарламаларын, әсіресе үйде оқыту бағдарламаларын қайта қарау бойынша шаралар қабылданатын болады», - дейді Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар