Қазақстанда мониторинг топтары жұмысының жаңа алгоритмі бекітілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мониторинг топтарының жұмысының жаңа алгоритмі бекітілді. Бұл туралы толығырақ Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Рүстем Жүрсінов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің барлық ұсынысымыз енбесе де, кейбірі алгоритмнің соңғы мәтініне кірді. Басқа да ұсыныстарды Денсаулық сақтау министрлігі қолдап отыр. Алгоритмнің мазмұны туралы негізгі жаңашылдықтарды айтып берейін», - деп жазды Рүстем Жүрсінов.

Оның айтуынша біріншіден, мониторинг топтарын жергілікті атқарушы органдар жасақтайды. Оның құрамына әкімдіктің, полицияның және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері кіреді. Олардың мақсаты - коронавирус инфекциясының таралу қаупінің туындауына жол бермеу, эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық шаралардың жүргізілуін бақылау, шектеу шараларын заңды және жеке тұлғалардың сақтауын бақылау.

«Екіншіден, мониторинг топтарынан тәртіп немесе ереже бұзушылықтар туралы мәлімет алатын және Кәсіпкерлік кодекс шеңберінде толыққанды тексеру жүргізу үшін шұғыл хабарламаларды санитарлық-эпидемиологиялық қызметке (СЭҚ) жедел жіберетін Үйлестіру бекеттері жұмыс істейді. Үшіншіден СЭҚ санитарлық-эпидемологиялық бақылауға жататын нысандарға қатысты тексеру жүргізеді. Төртіншіден СЭҚ санитарлық ережелер өрескел түрде бұзылған жағдайда прокуратураға хабар береді. Бұл жерде әңгіме Әкімшілік кодекстің 425-бабы туралы болып отыр. Ал санитарлық талаптарды қайта-қайта бұзатындардың жұмысын тоқтатуға дейінгі шара қабылданады. Бірақ бұл ретте ескертуді елемегендердің ғана жұмысы тоқтатылатынын айта кету керек», - дейді ол.

Рүстем Жүрсіновтың хабарлауынша бесіншіден әкімшілік жауапкершілік тек бақылау парағында көзделген тәртіп бұзушылықтар үшін тағайындалуы мүмкін (24 пункт бойынша, қазір олардың санын 20-ға дейін азайту көзделген).

«Достар, қарапайым тілмен айтқанда Кәсіпкерлік кодекс шеңберіндегі тексеру институты кеңірек қолданылады. Бұл дұрыс реттелген жүйе. Алайда қазіргі уақытта мониторинг топтары жүргізіп жатқан бақылау жұмыстары еш тоқтамайды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктері өзара келісе отырып, мониторинг топтарының тексерістері тек өрескел бұзушылықтарға бағытталуы керек деген шешімге келіп отыр. Атап айтқанда ол топтар нысан жұмысының режимі бұзылса, келушілердің саны артқан жағдайда, тыйым салынған нысандардың жұмысын қадағалауға, маска режимінің сақталмауына қатысты тексеріс жүргізеді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар