Қазақстанда минералды ресурстардың дерекқоры құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек минералды ресуртардың дерекқорын құрудың тиімділігін түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде «Қазгеология» АҚ-сымен бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасының минералды ресурстарының ұлттық дерекқор банкі» ақпараттық жүйесін құруға арналған жоба қолға алынды. Аталған жүйе бірыңғай деректер қорына геологиялық есептерді, пайдалы қазбалар қорының баланстарын, кен орындарының паспорттарын, аумақтың зерттелуі туралы деректерді және өзге де геологиялық ақпаратты жинауға мүмкіндік береді. Ал «бір терезе» қағидаты жер қойнауын пайдалану үдерістерін жеңілдетеді.

«Жобаны іске асырудың нәтижесінде автоматтандырылған функциялардың саны 12-ден кем болмайды. Пайдаланушылардың жер қойнауы туралы есептері, кемінде, 3 түрлі электронды форматта болады. Бұдан бөлек, кемінде, 7 000 жер қойнауы учаскесінің және кен орындарының баланстық қорларын есептеуге мүмкіндік туады», - деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, отырыста министр E-SHANYRAQ жобасы аясында үнемделген қаражаттың сомасын атады. Ж.Қасымбек 4 проценттік автонесие бағдарламасына қосымша қаржы бөлу туралы қаулыны да таныстырды. Бұдан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «5-20-25» шартымен берілетін ипотекасына қосымша қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар