Қазақстанда микрокредит бойынша артық төлемнің шекті мөлшері бекітілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда микрокредит бойынша артық төлемнің шекті мөлшері бекітілмек. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылы сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша заң жобасы аясында 50 АЕК-ке дейінгі микрокредит бойынша артық төлемнің шекті мөлшерін 2 есе – микрокредит сомасының 100 пайызынан 50 пайызға дейін төмендету көзделген. Осылайша, егер микрокредит 153 150 теңге сомасында берілсе, онда артық төлем 76 575 теңгені құрайды», - делінген Нұрлан Әбдірахмановтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.

Оның атап өтуінше, 2020 жылдан бастап агенттік микроқаржы ұйымдары борыш жүктемесінің коэффициентін (бұдан әрі – БЖК) міндетті есептеу жөніндегі талапты енгізді. Оған сәйкес қарыз алушының барлық кредиттері бойынша ай сайынғы төлемдері оның ай сайынғы кірістерінің 50 пайызынан аспауға тиіс.

2022 жылғы ақпанда борыш жүктемесінің нормативтік мәндерін сақтау бойынша МҚҰ-ның жауапкершілігін арттыру үшін БЖК пруденциялық нормативтер және сақталуға міндетті нормалар мен лимиттер тізбесіне енгізілді. Бұл ретте әрбір қарыз алушының БЖК-сі туралы ақпаратты МҚҰ кредиттік бюроға беретін болады. Бұл жедел мониторингтеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«2022 жылғы ақпанда Агенттік БЖК-ны есептеуге қойылатын талаптарды күшейтті. Мәселен, БЖК есептеу кезінде пайдаланылатын қарыз алушының кірістерін айқындаудың 18 өлшемшартынан қарыз алушыда тұрақты кірістердің болуын сенімді растау болып табылмайтын 6 өлшемшарт алып тасталды, бұл жаңа тұтынушылық онлайн микрокредиттер беру өсу қарқынын айтарлықтай тежеуге мүмкіндік береді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар