Қазақстанда мемориалдық кешендердің энциклопедиясы әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бұл жинақ «Birgemiz: Asyl mura» жалпыұлттық жобасы аясында басылып шықпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылға дейін мемориалдық кешендер, тарихи және мәдени ескерткіштер туралы ақпаратты қамтитын 3 энциклопедия жарық көреді. Жинақтар арқылы қазақстандықтар еліміздегі көрікті әрі қызықты ескерткіштер туралы көбірек ақпарат ала алады.

«Энциклопедияның алғашқы шығарылымы мемориалдық кешендерге арналады. Оған еліміздегі мемориалдық кешендер туралы ақпарат пен фотосуреттер кіреді. Оларды жинауға бізге аймақтық музейлер қолдау көрсетеді. Біз қазақстандықтардың әр кешеннің қайда орналасқанын білуі керек деп есептейміз. Сондай-ақ, біз еріктілерді тарихи ескерткіштерді сақтау жұмысына біріктіріп қана қоймай, ел тұрғындарын тарихтан сыр шертер ескерткіштер туралы ақпараттан хабардар етуді мақсат тұтамыз», - деп атап өтті «Даналық» ҚҚ менеджері Бекжан Серікқалиев.

Оның айтуынша, энциклопедия жыл соңына дейін басылып шығады. Басылымның жалпы таралымы 500 дананы құрайды. Жинақтар жергілікті атқарушы органдарға және өңірлік кітапханаларға тапсырылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, «Birgemiz: Asyl mura» жобасы аясында жыл соңына дейін волонтерлік бастамаларға 30 шағын грант бөлу қарастырылған.

Айта кетейік, жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.


Соңғы жаңалықтар