Қазақстанда мемлекеттік органдарға жүгінудің бірыңғай платформасы құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік органдарға жүгінудің бірыңғай платформасы іске қосылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрландыру аясында мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі – азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын барынша жүзеге асыруға көмектесу мәселелері тұр. Біріншіден, мемлекеттік органдармен ашық және айқын диалог механизмі – азаматтардың құқықтарын іске асырудың негізгі құралдарының бірі. Бұл үшін елімізде «электрондық үкімет» веб-порталы және меморган басшыларының блог-платформасы арқылы өтініштерді электронды түрде беруге болады. Бірыңғай электронды өтініш беру платформасы іске қосылуға дайын, бұл азаматтарға өз өтініштерін тезірек жіберуге, сонымен қатар олардың қаралу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлерге арналған «Қамқор» мобильді қосымшасы кәсіпкерге өзін заңсыз тексерулерден қорғауға, инспекторлардың заңсыз әрекеттері туралы шағым түсіруге және тексеру нәтижелерімен онлайн түрде танысуға мүмкіндік береді«, - деді Асқар Жұмағалиев «Цифрлық өркениет дәуірінде мемлекет пен қоғамның трансформациялануындағы Конституцияның рөлі» атты дөңгелек үстелде.

Сонымен бірге, министр мемлекеттік органдардың деректер базасындағы азаматтар туралы ақпаратты талап етуге тыйым салу қажеттігін айтты.

«Сәйкес заңнамалық база дайындалып жатыр. Азаматтарға мекенжай анықтамасын, мүліктің және соттылығының жоқтығы туралы анықтамаларды электронды түрде беріп, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда танылуын жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар жалғасып жатыр, өткен жылы 8,5 млн анықтама халықтан талап етілген жоқ. Сондай-ақ, 70 млн астам осындай анықтама құжаттар айналымынан алып тастау жоспарланған», - деді Асқар Жұмағалиев.


Соңғы жаңалықтар