Қазақстанда мемқызметшілерге еңбекақы төлеу пилоттық режимі қалай жүзеге асырылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің пилоттық режимінің жүзеге асырылуы жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған пилоттық жобаға 2018 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі, бірқатар өңірдің әкімдіктері қатысты.

«Жүргізілген тәжірибенің нәтижесінде жобаға қатысушы мемлекеттік органдарда кадрлардың алмасуы 4,9 пайыздан 3,5 пайызға дейін азайып, мемлекеттік қызметтің тартымдылығы арта түсті (конкурс 1 орынға 3,4 есеге артты), орталықта және аймақтарда еңбекақы төлеу алшақтығы 70 пайыздан 16 пайызға дейін қысқарды»,-деді Асқар Мамин Мемлекет басшысымен кездесу барысында.

ҚР Президенті аталған жобаны жергілікті атқарушы органдарда сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдарда ауқымды түрде жүзеге асыруды тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің санын кезең-кезеңімен қысқарту және мемлекеттік аппараттың ұйымдық құрылымын оңтайландыру жұмыстарын жалғастыру керектігін айтты.

Президент құрылымды қайта өзгерту нәтижесінде үнемделген қаржыны еңбекақы көлемін арттыруға бағыттау маңызды деп санайды.

Бұдан бөлек кездесуде сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуды ұлғайту, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, қайта өңдеу секторының өсімі мен дамуы есебінен экономиканың құрылымын одан әрі әртараптандыру, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басқа да өзекті мәселелер жөнінде қабылданған шаралар қарастырылды.



Соңғы жаңалықтар