Қазақстанда мелиорация туралы жеке заң қабылданбайды
2022 жылғы 5 мамыр 11:01

Қазақстанда мелиорация туралы жеке заң қабылданбайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Мелиорация туралы» Қазақстан Республикасының жекелеген Заңын әзірлеу орынсыз. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мелиорация функциялары суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг жүргізу және бағалау бөлігінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бекітілген. Бұл ретте қуаң жерлердің, тұзды, батпақты, шамадан тыс ылғалданған жерлер, олардың жағдайы судың әсеріне байланысты жай-күйін жақсарту мақсатында жүргізілетін жерді гидромелиорациялау бөлігінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жүктелген», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, бұдан басқа жеке немесе заңды тұлғалардың жерді пайдалануы мен қорғауын мемлекеттік бақылау, сондай-ақ жерді ұтымды пайдалану нормалары Қазақстан Республикасының жер заңнамасымен реттелген.

Сондай-ақ жер заңнамасында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың дақылдарды кезектестірудің белгіленген схемаларын сақтау, қажетті мелиорациялық және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, оның ішінде учаскеде бар суару және коллекторлық-дренаждық жүйелерді тиісті тәртіппен ұстау жөніндегі міндеттері көзделген.

«Бұл ретте Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 338-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымсыз пайдаланғаны немесе пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеміз. Баяндалғанның негізінде мелиорация туралы жеке заң әзірлеуді орынсыз және қолданыстағы заңнамалық актілерді басшылыққа алу қажет деп пайымдаймыз», - деді Әлихан Смайылов.


Jańalyqtar

MURAǴAT