Қазақстанда «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат- «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы республика бойынша 2018 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мектепке жол» әлеуметтік бастамасы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жаңа оқу жылына дайындалуына көмек көрсету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. 

«Осыған дейін өткізілген 10 жыл ішінде акцияда 3 млн-ға жуық балаға жалпы сомасы 18 млрд теңге шамасында материалдық қолдау көресетілді. Атап айтсақ, өткен жылы аталған акция аясында 316 мың балаға мектепке дайындық көмегі көрсетілді. Демеушілер мен меценаттар жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеден астам көмек пен қолдау көрсетті. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдар жыл сайын акцияға белсене қатысады», - деді ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков. 

ҚР БҒМ еліміздің барлық азаматтарына, бизнесмендерге, кәсіпкерлерге, меценаттарға аталған акцияға қосылуға және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға, отбасыларға көмек көрсетуге шақырады. 

Сонымен қатар комитет төрағасы материалдық қолдау ең көп көрсетілген аймақтар ретінде Алматы, ШҚО, Қарағанды, Жамбыл облыстарын атап өтті. 

«Мектепке жол» акциясына қатысуға тілек білдірушілер Балалар құқықтарын қорғау комитетінің телефонына - 8 (7172) 74-21-40, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармасына хабарласуына болады. 

  

  

Соңғы жаңалықтар