Қазақстанда медициналық техникамен қамтамасыз ету 70 пайызды құрайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен қамтамасыз ету мәселесін лизинг механизмі және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында шешкен дұрыс. Бұл туралы Астанада өткен «Денсаулық сақтау саласын медициналық техникамен қамтамасыз етудің жағдайы: мәселелер мен шешу жолдары» атты дөңгелек үстелде «ҚазМедТех» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Нұрсұханов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараті тілшісі.

«Медициналық техникамен қамту жағдайы бойынша бүгінгі таңда елімізде жолға қойылған тәжірибе бар. Бірқатар мәселелер де жоқ емес. Мәселен, денсаулық сақтау ұйымының медициналық техникамен аз деңгейде жарақтандырылуы, медициналық техникаларды қолданудың, сервистік қызмет көрсетудің төмен деңгейі байқалады», - дейді Руслан Нұрсұханов.

Оның айтуынша, Қазақстанда медициналық техникамен қамтамасыз етілу деңгейі орташа есеппен 70 пайызды құрайды. Медициналық нарықтағы нақты құрылымға ие ақпараттың жоқтығынан денсаулық сақтау ұйымдары медициналық техникаларды техникалық сипаттамасы мен бағасы бойынша таңдап алуда біршама қиналатын көрінеді.

«Медициналық техникаларды сатып алу жағдайына жүргізілген мониторинг жұмыстары бойынша 2012-2016 жылдары Денсаулық сақтау министрлігі аймақтар бойынша медициналық техникалардың бағасының 1 миллиард теңгеге дейін ретсіз өсірілгенін анықтаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның тергеу жұмыстарынан кейін, мәселен Батыс Қазақстан облысы бойынша бюджетке 145 миллион теңгеге жуық қаражат қайтарылған. Сонымен қатар, тергеу жұмыстары аймақтарда әлі жалғасуда», - дейді ол.

«ҚазМедТех» АҚ басқарма төрағасының айтуына қарағанда, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған бағдарламаға қарамастан, көп жағдайда денсаулық сақтау ұйымдары қымбат тұратын шетелдік өндірушілердің техникасын алуды қолай көреді. Ал қазіргі таңда медициналық құрылғылардың қызмет етуі жағдайына жүргізілген мониторинг жұмыстары дәрігерлер орнатқан техникалардың бар-жоғы 20-25 пайызы пайдаланылатынын көрсетіп отыр.

«Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылдан бастап республикалық бюджеттің есебінен, яғни Денсауық сақтау министрлігінің қаражатымен медициналық техникалар сатып алынбайды. 2011 жылы медициналық құрылғыларды сатып алуға 24 млрд теңге бөлінсе, 2015 жылы бұл сома 0,5 млрд теңгеге дейін азайды. 2016-2017 жылдары медициналық құрылғылар тек жергілікті бюджеттің есебінен сатып алынып жатты. Үш жылдың ішінде 128 млрд теңгеге медициналық техника сатып алынды. Алайда республика бойынша жыл сайынғы қажеттілік (2015 жылғы соңғы инвентаризацияның қорытындысы бойынша) - 96 млрд теңгені көрсеткен еді. Осы ретте мемлекеттік қаражаттың жетіспеушілігі сезіледі. Міне, осы мәселелерді лизинг механизмі және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында шешкен дұрыс деп есептейміз», - дейді Руслан Нұрсұханов.

Соңғы жаңалықтар