Қазақстанда медициналық маскалардың сапасы қалай тексеріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы (ДЗСҰО) Медициналық бұйымдардың мамандандырылған сараптамасы департаментінің басшысы Дмитрий Войнован елімізде медициналық маскалардың сапасы қалай тексерілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Елде медициналық маскалар сараптамадан қалай өтетінін және қалай тіркелетінін айтып берсеңіз.

- Дәріханаларда сатылатын медициналық маскалар Қазақстанда ең алдымен мемлекеттік тіркеуден өткізіледі. Тіркеуге дейін бұл бұйымдар міндетті түрде сараптамаға жіберіледі. Бұл сараптаманы өткізудегі мақсат – оның сапасын, тиімділігі мен қауіпсіздігін тексеру. Бұл біздің елдің заңнамалық талабы.

Сараптама бірнеше кезеңнен тұрады: Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, толымдылығын тексеру үшін құжаттарды және тіркеу құжаттарының материалдарын валидациядан өткізу. Одан кейінгі кезеңде сарапшылар мамандандырылған сараптамада құжаттардың халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестігін сынақтан өткізеді. Биологиялық зерттеулер есебі медициналық маска адамның терісіне тікелей жанасып тұратындықтан, оның қауіпсіздігін растауы тиіс. Одан бөлек, жоғары тыныс алу жолдары - мұрын қуысы мен ауызға жақын қолдануға арналуы қажет.

Техникалық сынақтың нәтижесі масканың тиімділігін тексеруге, ол ауаны қалай сүзетінін, бактерия мен вирустарды ұстауда қауқарлығын білуге мүмкіндік береді. Әрине, осынау дәлелді базаның бәрін де зерттеу үшін сарапшылар осы сынақтар мен зерттеулер қалай өткізілгенін, олардың қорытындысы қалай рәсімделгенін қадағалауы тиіс. Соңында маска үлгілері сарапшылар ұйымының Сынақ орталығына түседі.

Осы сынақтардың нәтижесінде медициналық маска үлгілерінің шынайы көрсеткіштері айқындалады. Тексерістің мұндай амалы тұтынушыға сапалы, тиімді әрі қауіпсіз медициналық масканың жеткізілуін қадағалауға мүмкіндік береді.

- Қазақстанда тігілген маскалар импорттық бұйымдардан ерекшелене ме?

- Қазір әлемде барлық елге сапасы жоғары болсын, төмен болсын материалдар мен шикізат тең дәрежеде қолжетімді. Әйтсе де қадағалаудың мемлекеттік құралы нарыққа отандық немесе импорттық өнім болсын, тек тексерілген бұйым түсетіндей жұмыс жүргізеді.

Тігілетін материалдарға қатысты қабылданған бірыңғай халықаралық талаптармен қатар, отандық өндірушілер өз өндірісінде басқа да талаптарды енгізіп-ақ жатыр. Ал бұл үдеріс «импорттың бәрі жақсы, отандық өнімнің бәрі нашар» деген таптаурын пайымды жоққа шығарады.

- Масканы қалай таңдаған дұрыс? Сіз өзіңіз қандай масканы таққан дұрыс деп ойлайсыз?

- Әрине, масканың қай түрі болмасын өз сипатына сай ерекшеленеді. Қазір біз олардың бәрін жіктеп, талдап, түсіндіріп отырсақ, қарапайым тұтынушы үшін ол ұғымның бәрі де түсініксіз болары анық. Оның керегі де жоқ. Өмірдегі әртүрлі жағдайға байланысты жүйелі әрі бейім амал бар.

Қазақстанның заңына сәйкес кез келген медициналық бұйымның, оның ішінде медициналық маска партиясының да дәріханаға түспес бұрын сапасы мен қауіпсіздігі расталуы керек.

Қауіпсіздік сериясы/партиясы сәйкестік сертификатымен бекітіліп, бағаланады. Оның көшірмесін сіз кез келген дәріханадан талап ете аласыз. Тіркелген әрбір медициналық маска оны қолдану нұсқаулығымен бірге жүруі тиіс. Осылайша жаңа айтқанымдай, кез келген сатып алушы дәріхана қызметкерінен сертификаттың көшірмесін сұрап, марканың мәліметтеріне сәйкестігін тексере алады. Қажетті құжаттардың бәрінің маркаға сәйкестігі өз кезегінде бұйымның сапалы әрі қауіпсіз екенін дәлелдейді. Алайда бұл тұрғыда медициналық маска нұсқаулыққа және дәрігердің кеңесіне сай қолданылуы керек.


Соңғы жаңалықтар