Қазақстанда медицина мекемесі ғимараттарының 44,7 пайызы тозған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тозыңқы аурухана ғимараттары және жаңадан салынатын денсаулық сақтау объектілері туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде республика бойынша 6 мыңнан астам мемлекеттік денсаулық сақтау объектісі халыққа медициналық қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 492 аурухана және 5695 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны бар. Медициналық ұйым ғимараттарының тозу деңгейі - 44,7%. Атап айтқанда, стационарлар ғимаратының тозуы - 43,5%, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары - 41,9%. Сонымен қатар елдегі жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келмейді», - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр.

«Ұлттық жоба аясында 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы салынады. Сондай-ақ, ел бойынша 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңартылады. Аталған шаралар ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді министр.

Одан бөлек, А. Ғиният қалаларда бірнеше денсаулық сақтау мекемесі салынатынын хабарлады.

- Астана және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника;

- мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 8 көпбейінді аурухана;

- 12 перинаталды орталық;

- онкология орталықтарының желісі.

Сонымен қатар, бүгінде мына өңірлерде құрылыс жалғасып жатыр:

- Қостанай, Алматы облыстарында 3 аудандық емхана;

- Қызылорда, Павлодар облыстарында 2 көпбейінді аурухана (қайта жөндеу);

- Маңғыстау облысында аудандық орталық аурухана;

- Қызылорда қаласында қан орталығы.


Соңғы жаңалықтар