Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін қазақстандықтар Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

19 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламентінің жетінші сайланған Мәжілісін тарату туралы Жарлық шығарды. Мәжіліс құрамында 107 депутат бар еді. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын 9 мандат қысқарып, 98 депутат қалады және олардың өкілеттік мерзімі – бес жыл болмақ.

Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы – бірмандатты округтерден сайланады. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан қатыса алады және өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлы жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы – партиялық тізімдер бойынша сайланбақ. Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толық мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Мажоритарлық жүйе – саяси партиялар емес, нақты жеке тұлғалар дауысқа түсетін әдіс.

Бұған дейін саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдеген еді. Бұрын партия құру үшін құрамындағы адам саны 20 мыңға жетуі тиіс еді, ал қазір 5 мыңға дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінде, әр өңірде кемінде 600 жақтас болуы шарт еді, бүгінде саяси ұйымның тіркелуі үшін әр аймақтан 200 адам жеткілікті.

Партиялардың Парламентке өтуі үшін ең төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдарға 30% квота сақталады.

Мәжіліс сайлауына 7 саяси партия тіркелді, олар – «Қазақстанның Халық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «AMANAT» партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы, «Respublica» партиясы.

Республикалық телеарналарда тікелей эфирде Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 партия өкілдері арасында үш дебат өтті.

Бүгін 12 млн-ға жуық азамат таңдау жасайды. Алдын ала тұрғылықты жері бойынша 11 970 406 сайлаушы анықталды. Сайлаушылардың ең көбі – 1 177 507 сайлаушы Түркістан облысында, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлытау облысында тіркелген.

Ел учаскелерінде дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды.

Уақыт белдеуіне байланысты кейбір шет мемлекеттерде дауыс беру бізден ерте басталды. Қазақстандықтар өмір сүретін Еуропа, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Үндістан сынды бірқатар мемлекетте 77 дауыс беру учаскесі ашылған.

Бұл жолы дауыс санау процедурасы ұзаққа созылады. Себебі бюллетеньдер саны әдеттегіден көп. Бірақ, заң бойынша дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы тиіс. Дауыстарды санау барлық сайлау учаскелерінде таңғы 8:00-де аяқталады.

Республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы және Шымкент) дауыс беру төрт бюллетень бойынша саналады. Оның екеуі Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау және екеуі – мәслихаттар бойынша. Ал 17 облыста дауыс беру бес сайлау бюллетені бойынша өтпек. Оның екеуі Мәжіліс бойынша, екеуі – облыстық мәслихаттар бойынша және біреуі – аудандық немесе қалалық бюллетеньдер.

Сайлау күні 45 мыңнан астам полицей қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Оның ішінде белгілі бір бөлігі тікелей сайлау учаскелерінде және бір бөлігі көшеде тәртіпті қадағалайды. Одан бөлек, сайлау учаскелеріне жақын аумақтарда күзет болады.

Сайлау күні мүгедектігі бар жандарға да тиісті жағдай жасалады. Барлық өңірдегі сайлау учаскелерінде Брайль шрифті бар трафареттер, сондай-ақ кандидаттар тізбесі бар бюллетеньдердің аудио нұсқалары қолжетімді болады.

Сондай-ақ сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова дауыс берушілерге маска тағуды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар