Қазақстанда майлы дақылдардың егіс алқабы 5 млн гектарға дейін артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстан май-тоң май одағы» қауымдастығы» ЗТБ президенті Константин Невзоров майлы дақылдар саласын дамыту қарқыны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2030 жылға дейін май-тоң май саласын дамыту бағдарламасын әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс басталды. Министрлік базасында жұмыс тобы құрылды. Оған ірі зауыттарда қатысып жатыр. Жалпы, бұл бағытта саладағы жағдайға ауқымды талдау жасап, проблемаларды айқындадық», - деді елордадағы «KazOil – 2019» III Халықаралық конференциясында.

Осы орайда ол қауымдастық өкілдері майлы дақылдарды өндіру мен шикізатты қайта өңдеу саласындағы негізгі проблемаларды анықтағанын жеткізді.

«Атап айтқанда, тұқым материалы өнімділігінің төмендігі, минералды тыңайтқыш өндірісінің тиісті деңгейде дамымауы, ауыл шаруашылығы техникасының тозуы, кадрлар тапшылығы, өнімді сақтау үшін инфрақұрылымның жеткіліксіздігі секілді кемшіліктер бар. Жалпы, бұл жағдай 2018 жылдағы мәліметтер аясында айқындалды», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, майлы дақылдарға арналған егістердің аумағы айтарлықтай артады.

«Саланы дамыту бағдарламасында 2019-2021 жылдар бірінші кезең, 2022-2025 жылдар – екінші кезең, 2026-2030 жылдар – үшінші кезең. Осы орайда біз өзімізді майлы дақылдармен, өсімдік майымен толықтай қамтамасыз етіп, дайын өнім экспортына жан-жақты шығамыз. 2030 жылға қарай майлы дақылдардың егістері 5 миллион гектарға дейін артады деп жоспарлануда», - деді Константин Невзоров.

Бұған дейін хабарланғандай, екі жылда Қазақстан майлы дақылдарды толықтай өңдеу деңгейіне шығады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар