Қазақстанда маусым айында 4 центнерге жуық есірткі тәркіленді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қарасора-2022» жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері ел аумағында есірткіге қатысты 138 қылмыс ашылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда кең ауқымды «Қарасора-2022» жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр. Операцияны Ішкі істер министрлігі жыл сайын 1 маусымнан 30 қазанға дейін өткізеді. Операция басталғаннан бері есірткі қылмысының 138 фактісі анықталды. Оның ішінде 62-сі – есірткі өткізу, 15-і – аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтау, 43-і – құрамында есірткі бар тыйым салынған өсімдіктерді өсіру және 10-ы есірткі контрабандасымен байланысты «, - деді Шұғыла Тұрлыбек министрліктің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.

Министрлік өкілінің дерегінше, заңсыз айналымнан 383 келі есірткі заты тәркіленді. Мәселен, Қарағанды облысының полиция қызметкерлері Жамбыл облысынан есірткі заттарын жеткізу арнасын жойды. Қылмыстық топтың 5 қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заңсыз айналымнан 200 келі марихуана тәркіленді.

«Түркістан облысында жедел іс-шаралар өткізу барысында Сарыағаш ауданында 1 870 дана апиын көкнәрін заңсыз өсіру фактісі анықталды. Ал Қызылорда облысының полициясы 1 149 түп сора заңсыз өсірілген есірткі плантациясын анықтады. Сол жерде есірткіні заңсыз сақтағаны және өсіргені үшін бұрын бірнеше рет сотталған 50 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.


Соңғы жаңалықтар