Қазақстанда мал басы артып, өнім өңдеу көлемі ұлғаюда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл 178 мың ірі қара мал басын және 250 мыңнан астам ұсақ малды сатып алуды қаржыландыру жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мал шаруашылығы саласында 4 пайыз көлеміндегі тұрақты өсім сақталып отыр. Жыл қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 2,3 трлн теңгеге өсті. Кредит беру және қосымша субсидиялау арқылы іске асырылған шаралар өз жемісін берді. Мәселен, ірі қара мал мен ұсақ мал 2,7, жылқы 11,5, шошқа 2,5, құс 1,6 пайызға артты. 2019 жылы қызыл ет өндіру көлемі 5,8, құс етін өндіру көлемі 15,8 пайызға ұлғайды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында сүт өңдеу 7, ет өңдеу 8 пайызға өсті. Бұл ретте сүт зауыттарының жүктемесі 18, ет комбинаттарының жүктемесі 21,6 пайызға ұлғайды», - деді министр Орталық комуникациялар қызметіндегі онлайн кездесуде.

Оның дерегінше, мал шаруашылығын дамытуға ҚазАгро 2019 жылы 156,5 млрд теңге бағыттады. Құны 53 млрд теңге болатын 82 мың бас ірі қара мал әкелу және 12,3 млрд теңгеге 374 мың бас ұсақ мал сатып алу жүзеге асырылды. Сондай-ақ, құны 19,1 млрд теңге болатын 16 жаңа инвестициялық жоба қаржыландырылды.

«Осылайша, бұдан бұрын қаржыландырылған жобаларды ескергенде, 2019 жылы мал шаруашылығында жалпы құны 64,3 млрд теңгеге 54 инвестициялық жоба енгізілді. Биыл 178 мың ірі қара мал басын және 250 мыңнан астам ұсақ малды сатып алуды қаржыландыру жоспарлануда. Сондай-ақ импорт алмастыру аясында 46 мың тонна сүт және 30 мың тонна құс етін өндіру жобаларын іске асыру көзделген», - деді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар