Қазақстанда лотерея қызметі салықтан босатылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда лотерея ойындарын ұйымдастыру қызметін қосылған құн салығынан босату ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Әділет министрлігі жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндаған.

Оның айтуынша, 2017 жылдың 25 желтоқсанында еліміздің жаңа Салық кодексі қабылданып,  соған сәйкес лотерея билеттерін сату айналымына қосылған құн салығы салынған. Қазіргі уақытта қосылған құнға салық оператордың ұтысты төлегеннен кейінгі түсіміне салынады. Ал ол әдетте жүлде қорының сомасына тең болып келеді.

«Іс жүзінде лотерея операторына түсетін қаржылық жүктеме былай болып отыр: барлық түсімнің кемінде 50 пайызы жүлде қорына кетеді, ал қалған 50 пайыздан кемінде 10 пайызы спортты дамытуға, 12 пайызы ҚҚС-ке және 20 пайызы шығыстарды алып тастағаннан кейінгі корпоративтік табыс салығына кетеді», - деді ол.

Жауапты хатшының айтуынша, лотерея операторы қалған сома есебінен жалақы төлеу, барлық ІТ-инфрақұрылымдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету сынды ағымдық шығындарын жабуы қажет.  Сонымен қатар ол Канада, Италия, Ұлыбритания, АҚШ және Польша сынды елдерде лотерея билеттерін сату айналымы қосылған құн салығынан босатылған.

Айта кетейік, 2017 жылдың 10 ақпанында ҚР Үкіметінің қаулысымен «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторы болып айқындалған еді.

Соңғы жаңалықтар