Қазақстанда лаңкестіктің интернет арқылы насихатталуын тоқтату мүмкін болмай отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Интернет арқылы лаңкестікті насихаттауды толығымен тоқтату мүмкін болмай отыр», - деді бүгін Алматыда басталған «Террористік және өзге де трансұлттық сипаттағы қылмыстарды жасау мақсатында Интернет желісін пайдаланумен байланысты істерді қылмыстық қудалау және сотта қарау практикасы» тақырыбындағы аймақтық семинарда ҚР Жоғарғы сотының судьясы Дәулен Нұралин.

«Осыдан 10 жыл бұрын терроризм туралы тек шетелдік материалдардан танысып жүрсек, қазір Қазақстанда да ауыр қылмыстар жасалып жатыр. Сондықтан, бүгін біз шетелдік мамандармен тәжірибе алмаса отырып, сотқа дейінгі тергеу, сотта қарау мәселесін талқыламақпыз. Өздеріңізге белгілі, бұл бағытта Қазақстан заңдарына өзгерістер енгізілді. Заң бойынша, террактіні ұйымдастырып, оған белсенді мүше болған адамдарды және шет елге барып соғысқа қатысқандардың кінәсін толық дәлелдеу арқылы қатаң жаза қолдану мәселелері қазіргі уақытта жүзеге асып отыр», - деді ол.

Дәулен Нұралин лаңкестікке қатысты ауыр қылмыстардың көбі осы Инернетті қолданумен байланысты екенін айтты.

«Интернетте террактіні қалай ұйымдастыру қажеттігі айтылған уағыздар арқылы жастарды тарту фактілері бар. Интернет арқылы лаңкестікті насихаттауды толығымен тоқтату мүмкін болмай отыр. Ақтөбеде болған террактіде ұйымдастырушылар Интернеттегі материалдарды жинақтап, бірге намаз оқитын адамдарға ұсынғаны анықталды. Бізде Бас прокуратурада соттың шешімімен Қазақстанда құрылмайтын, құрылса таратылатын террорлық ұйымдардың тізімі бар»,  - деді ҚР Жоғарғы сотының судьясы.   

 Айта кетейік, бүгін Алматыда БҰҰ Есірткі және қылмыс бойынша басқармасының (ЕҚБ) «Ауыр және трансұлттық сипаттағы қылмыстардың алдын алу және олармен күрес мақсатында мемлекеттердің әлеуетін нығайту» атты ғаламдық бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның Жоғарғы соты мен БҰҰ ЕҚБ-ның ұйымдастыруымен аймақтық семинар басталды. Семинар үш күнге созылады. Жиынға Қазақстан, Ресей, Израиль, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанның Жоғарғы және басқа да соттарының судьялары және сарапшылары қатысуда. 

Соңғы жаңалықтар