Қазақстанда қылмыскерлердің ДНҚ деректер базасы құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған тұлғалардың ДНҚ-ларының деректер базасы құрылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының биологиялық және химиялық зертхана меңгерушісі Іңкәр Тәжіғұловаға сілтеме жасап.



«Өткен жылдың соңында «Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы» Заң қабылданды. Аталған заң аясында ауыр және аса ауыр қылмыс үшін сотталған барлық тұлғалар генотиптенеді. Бұл заң 2021 жылы өз күшіне енеді. Әзірге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, құқық қорғау органдарының тапсырмасымен, қылмыс орнынан табылған және белгісіз тұлғаларға тиесілі барлық генетикалық материалдар деректер базасына енгізіледі. Бұл материалдар алдағы уақытта ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін ұсталған күдіктілермен немесе сотталғандармен автоматты түрде салыстырылады», -деді Іңкәр Тәжіғұлова Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтына жасалған баспасөз-туры барысында.

Оның айтуынша, бұл уақытты үнемдеуге және қылмысты ашуға септігін тигізеді.

«Алғаш рет деректер базасы 1995 жылы Ұлыбританияда құрылған, өткен жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы сол жерде тағылымдамадан өту бақыты бұйырды. Жобамның тақырыбы Ұлыбританияның аталған мәселені зерттеу тәжірибесіне арналды. Яғни, барлық заңдарды, заңды реттейтін нормативтік құжаттарды зерттедім. Елге оралған соң, «Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы» Заңды құру бойынша жұмыс тобына ендім», - деді І.Тәжіғұлова.


Қазіргі уақытта Институт азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізу бойынша молекулярлы-генетикалық зерттеулер жүргізуде. Азаматтық істер бойынша әкесінің тегін немесе анасын анықтау жұмыстары болса, қылмыстық істер бойынша - адам өлтіру, зорлау, белгісіз мәйіт қалдықтарының сәйкестігін табу және өзге де барлық қылмыстар зерттеледі. Іңкәр Тәжіғұлованың айтуынша, бүгінде зерттеудің бұл түрі тағайындалатын қылмыстар санатының ауқымы кеңейіп келеді. Егер бұрын молекулярлы-генетикалық зерттеулер ауыр және аса ауыр қылмыстар аясында ғана жүргізілсе, бүгінде есірткі заттарының заңсыз айналымы және өзге де құқықбұзушылықтарға қарсы қолданылады.

«Қылмыс орнынан табылған анықталуы тиіс биологиялық материал бізге зерттеуге жіберіледі. Тәжірибеден мысал келтіріп көрейін. Бір күні кәмелет жасқа толмағандарға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыс болды. Аталған санат бойынша 100-ден астам сынаманы, яғни іс бойынша күдіктілерді зерттеп шықтық. Оқиға болған елді мекендегі барлық ер адамдарды зерттеп шықсақ та, ешқайсысының ДНҚ-сы қылмыс орнынан табылған материалмен сәйкес келмеді. Біраз уақыт өткен соң, бізге тағы бір сынама келіп түсті және ол қылмыс орнынан табылған сынанамен сәйкес болып шықты. Бірақ, бұл сынаманың елді мекенге еш қатысы жоқ еді. Яғни, қылмысты елді мекенге кездейсоқ келген бөтен адам жасаған. Осының арқасында жазықсыздарды ақтап, нағыз қылмыскердің кінәсін дәлелдедік», - дейді зертхана меңгерушісі. 

Соңғы жаңалықтар