Қазақстанда күнбағыс майының тапшылығы жоқ, болған да емес – министр
2022 жылғы 29 маусым 13:46

Қазақстанда күнбағыс майының тапшылығы жоқ, болған да емес – министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев күнбағыс майын елден әкетуге не үшін шектеу қойылғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда күнбағыс майының тапшылығы жоқ, болған да емес. Негізі әлемдегі дағдарысты қарап отырсаңыз, өткен 3-4 айда күнбағыс майы қымбаттап кетті. Көршілес елдерде май екі-үш рет қымбаттап, табылмай халықтың дүрліккен кездері болды. Қазақстанды алсақ, біз жыл көлемінде 1 млн тонна күнбағысты өзіміз шығарамыз және өңдейміз. Негізі Қазақстандағы күнбағыс майын қайта өңдеу зауыттары 2 млн тонна күнбағысты өңдей алады. Демек, жүктеліп отырған деңгейі төмен, 50-ақ пайызы толып отыр. Сол себепті, біз күнбағыс майының өзіне квота енгізген болатынбыз», - деді Е.Қарашөкеев Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, бұл квоталар тамыздың аяғына дейін күшінде болады, онда 15 мың тонна күнбағыс, 68 мың тонна шикі күнбағыс майын шығаруға квота берілген.

«Біз өз алдымызға балансты сақтау талабын қойып отырмыз. Біріншіден, күнбағыстың өзін шығаруға рұқсат етіп, өз зауыттарымыздың да жүктемесін қамтып, күнбағыс майын өзіміз өндіретіндей деңгейге шығару. Күнбағысты 1 млн тонна емес, 4 млн тонна етіп шығара алсақ, әрине шектеу квотасын қоймайтын едік. Сол себепті біз квота енгізгенде бағасын мұқият қарап, шаруалар келер жылы күнбағыс екпей қоймасын деп, балансты сақтап отырмыз», - деді Ербол Қарашөкеев.

Айта кетейік, ел аумағынан күнбағыс майын әкетуге енгізілген шектеулер 2021 жылғы 15 желтоқсаннан бастап 2022 жылғы 1 маусымға дейін қолданылған еді. Мемлекеттік кірістер комитеті шектеу шараларын 31 тамызға дейін ұзартты.

Фото: ktk.kz


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT