Қазақстанда қосымша құн салығын бақылайтын арнайы шот ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ерікті негіздегі қосымша құн салығын бақылау шотын енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ұлттық экономика министрлігі, бұл қосымша құн салығындағы алаяқтықты түбегейлі жоятындығын, соның негізінде салық төлеушілер өзге алаяқтар үшін артылған жауапкершіліктен босатылатындығын алға тартуда.

«ҚҚС-да бірқатар алаяқтық схемалар бар. Бюджеттен салық төлеушілер төлемеген ҚҚС қайтарылымын жиі талап етеді. Аралық тауар соңғы бөлшек сатылымына жеткенше, ҚҚС өзара жеткізушілер арасында аударылып жатады. Жеткізушілер бұл ҚҚС-ны жоғалтып немесе жасырып қалады және әрі қарай белгілі бір схемалар пайда болады. Сондықтан төлеушіден төлеушіге көшіп жүретін ҚҚС-ның арнайы шотта көрініп тұруы ұсынылды. Сонда ҚҚС қайтарылымы әп сәтте жүзеге асырылады», - деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов жаңа Салық кодексі жобасының таныстырылымында.

Кодекс жобасында бұл норма міндетті емес. Бірақ қазірдің өзінде бірқатар салық төлеушілер мен банктер мұны ерікті түрде жасауға келісіп отыр.

"Мәселен, әуежай қызметтері, темір жол тасымалдары бойынша түрлі компаниялар өз жеткізушілері үшін арнайы шот  ашуға келісіп отыр. Жеткізушілер де қанша ҚҚС түскенін салық өкілдерінің бақылап отыруы үшін ҚҚС-ның өз шоттарына емес, банктегі арнайы шотқа аударылғанын дұрыс деп есептейді», - деп толықтырды Р. Дәленов.

Соңғы жаңалықтар