Қазақстанда қоршаған ортаға келетін зиянды бағалаудың жаңа тәсілдері енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде таяуда ғана қабылданған жаңа экологиялық кодекстің негізгі басымдықтарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатының негізінде ластанудың алдын алу және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік көзделген. Экологиялық зиян орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің екіншіден, атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделгенін мәлім етті. Бұл ретте бірінші кезеңде жалпы ластанудың 80% шығарындыларының көзі болып табылатын 50 ірі кәсіпорнына енгізу жоспарланған.

«Еуропада 15 жыл ішінде ең озық қол жетімді технологиялардың арқасында зиянды шығарындылар 94%-ға азайтылды. Осы технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар қол жетімді технологияларды пайдаланбаса, олардың эмиссия үшін төлем мөлшерлемелері едәуір артады», - деді ол.

Мағзұм Мырзағалиев сонымен қатар қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері (ҚОӘБ) енгізілгенін жеткізді.

«Атап айтқанда біз қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өтудің әдістерін жеңілдеттік. Бүгінгі күні табиғат пайдаланушылардың бәрі (шамамен 20 мың) ҚОӘБ-тан рәсімінен өтуде. Жаңа экокодекске сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалаудың міндетті процедурасынан тек бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар өтеді. Бұл шамамен 2600 кәсіпорын. Осылайша шынымен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылады. Сонымен қатар, қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңдеріне қатысады. Ал екінші санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады. Үшінші санаттағы объектілер хабарламалық негізде жұмыс істейді. Осылайша әкімдіктер үшінші санаттағы объектілерден шығарындылардың, төгінділердің саны, жинақталатын және берілетін қалдықтардың көлемі көрсетілетін декларациялар қабылдайтын болады. Төртінші санаттағы объектілер реттеуден толық босатылады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар