Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан науқастар жоқ - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында коронавирусқа шалдыққан науқастар жоқ. Жалпы жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында. Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды жалғастыруды тапсырамын. Монополияға қарсы органдар мен Денсаулық сақтау министрлігі кейбір дәріханада медициналық маскалар мен вирусқа қарсы препараттарға бағаны жасанды көтерудің жекелеген фактілеріне назар аударуы қажет. Мәселенің мән-жайын анықтаңыздар», — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы Сыртқы істер министрлігіне ҚХР аумағында қалған қазақстандықтармен тығыз байланыста болып, қажетті қолдау көрсетуі тиістігін баса айтты.

«Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдер жағдайды тұрақты бақылауда ұстасын», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар