Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация міндетті бола ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация міндетті бола ма? Бұл сауалға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жүргізіледі. Бұл Үкіметтің Қазақстан Республикасындағы екпелердің ұлттық күнтізбесі бекітілетін тиісті қаулысында да көрініс тапқан», - деді Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Осы орайда ол «коронавирусқа қарсы вакцинация міндетті болуы мүмкін бе?» деген сауалға да жауап берді.

«Кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген вакцинация вакцинаны алушының міндетті түрде келісімі арқылы ғана салынатындығын атап өткім келеді. Яғни, кез келген уақытта бас тартуға болады», - деді комитет төрайымы.

Сонымен қатар Айжан Есмағамбетова вакцинация жұқпалы аурлармен күрестің ең оңтайлы тәсілі екендігін баса айтты.


Соңғы жаңалықтар