Қазақстанда коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмекпен қамту шаралары қалай ұйымдастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«КВИ-мен ауырған науқастарды емдеу үшін дәрі-дәрмектің және медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемі жеткілікті. Өңірлерде коронавирус инфекциясын емдеу үшін дәрілік заттардың 16 атауы бойынша 2 айлық қор қамтамасыз етілді.

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден артық дәрілік заттардың қоры бар», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сонымен қатар, министрлік бөлшек және көтерме сауда орындарда дәрілік заттардың болуына тұрақты мониторинг жүргізіп отырғаны айтылды.

«Бүгінгі таңда сауда орындарында қолда бар дәрілік заттардың қоры 2-3 айға жеткілікті және қажет болған жағдайда уақтылы толтырылады.

Бұдан басқа, осы жылдың басынан бастап медициналық ұйымдарға 6 млрд теңгеге дәрілік заттар әкелінді.Бұл жылдық көлемнің 70%-ын құрайды», - деді Ажар Ғиният.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше өткен аптада 6,5 млн астам адам коронавирус жұқтырып, дерттен 14 мың адам көз жұмған.


Соңғы жаңалықтар